Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Владимир Путинге сенім грамоталарын тапсырды

Бүгін, 5 ақпан күні, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге сенім грамоталарын тапсырды. 

Өз кезегінде, Путин – Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды сенімді стратегиялық серіктестік және одақтасудың үлгісі деп атады.

"Екіжақты қарым-қатынас көршілес халықтарымыздың арасындағы берік тарихи, мәдени және рухани байланыстарға негізделген. Біз Қазақстан басшылығымен өзара сенімімізді жоғары бағалаймыз. Өткен жылы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен тоғыз рет кездесу өткіздік және де жақын досымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен де тығыз байланыстамыз", – деп атап өтті Ресей президенті.

Владимир Путин Ресей мен Қазақстанның бірлескен күш-жігерінің арқасында ЕАЭО аясындағы ықпалдастық тұрақты дамып келе жатқанын да айта кетті. Оның сөзінше, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар барлық бағыттарда, соның ішінде өнеркәсіп, энергетика және инвестиция салаларында дамуда.

"Ресей мен Қазақстан халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты көзқарастарын бірлесіп мұқият үйлестіруде. Қазақстандық серіктестеріміз, білесіздер, Сириядағы ахуал бойынша үрдістерді оңтайландыру үшін Астана келіссөздерін ұйымдастыруға мүмкіндік берді", – деді Путин.

Сонымен қатар, Кремль сарайының Александр залында өткен салтанатты рәсімде барлығы 23 шет елдің елшілері өз сенім грамоталарын тапсырды. Оның ішінде АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Иран, Австралия, Швеция және т.б. бар.

Қосылған : 5.02.2020, 15:00, Өзгертілген : 5.02.2020, 17:50