Конституциялық кеңес төрағасы Қ. Мәми Беларусь конституциялық сотының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

2019 жылғы 30 мамырда Минск қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ. Мәми Беларусь Республикасы Конституциялық Сотының 25 жылдығына арналған «Қазіргі заманғы конституциялық даму: құқықты конституцияландырудағы конституциялық бақылаудың рөлі» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.
Конференция жұмысына Беларусь Республикасының басшылығы, шет елдердің конституциялық бақылау органдарының, Еуропа Кеңесі Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссияның (Венециандық комиссияның) және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ таяу және алыс шет елдердің белгілі құқықтанушы ғалымдары қатысуда.
Форумның ашылуында Қ. Мәми Қауымдастық төрағасы ретінде Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясының атынан сөз сөйлеп, беларустік әріптестерін айтулы оқиғамен құттықтады. Оның айтуынша, 25 жыл – тарихи өлшем бойынша шағын кезең. Алайда, осы уақыт аралығында елде құқықтық мемлекет қағидаттарын бекітуге байланысты ауқымды өзгерістер іске асырылды.
Сонымен қатар, бірінші пленарлық сессияда Конституциялық Кеңес Төрағасы «Құқық үстемдігі - Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының векторы» атты тақырыпта баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі заманғы конституциялық даму трендінің бірі құқық үстемдігі болып табылады. Оның бірқатар аспектілері Негізгі Заңнан бастау алады.
Біздің ортақ мақсатымыз - Конституция негізінде құқық үстемдігі қамтамасыз етілетін құқықтық дамудың жағдайына қол жеткізу. Мемлекеттің конституциялық жаңғыруы, экономистердің тілімен айтқанда, мультипликативті әсерге ие және оларға қажетті қарқын бере отырып, тыныс-тіршіліктің барлық салаларын қозғайды. Конституциялық бақылау органдарының күш-жігері конституциялық құндылықтарды құрметтеу мен жүзеге асыруға бағытталған, деп түйіндеді сөзін қазақстандық делегация басшысы.
Форум аясында Қ.Мәми Беларусь Жоғарғы Сотының Төрағасы В.Сукало мырзамен кездесті, оның барысында тараптар сот төрелігі конституциялық қағидаттарын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
31 мамырда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының отырысын өткізеді. Оның күн тәртібіне конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету саласында мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері енгізілген.

Қосылған : 30.05.2019, 16:50, Өзгертілген : 30.05.2019, 16:50