Қазақстан Елшісі Беларусь Президентімен кездесті

МИНСК, 2019 жылғы 23 мамыр - Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшісі Ермұхамет Ертісбаевты қабылдады.

Сұхбат барысында Беларусь басшысына жоғарғы саяси биліктің ауысуына орай Қазақстанда өтіп жатқан құбылыстардың мән-жайы жеткізілді. Осы орайда ҚР Беларусьтағы Елшісі Е.Ертісбаев ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған Қазақстан сыртқы саясатының сипаты, қағидаттары мен негіздерін ешбір өзгерістерге ұшырамайтынын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, әңгіме барысында Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың жалпы ахуалы және оның одан әрі даму жолдары талқыға салынды. Атап айтқанда, Е.Ертісбаев Беларусь Президентінің назарын Қазақстан Елшілігінің Беларусь тарапымен біріге отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуды көздеген жоспарларына аударды.

Өз кезегінде Беларусь Президенті А.Лукашенко Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың көрнекті рөлін және оның Қазақстан-Беларусь қатынастарының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Осы орайда Беларусь басшысы өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастық құруға ниеті ашық екеніне ерекше көңіл аударды.

Қосылған : 23.05.2019, 14:00, Өзгертілген : 23.05.2019, 14:05