«Невада – Семей» антиядролық қозғалысы

1989 жылдың 28 ақпанында Алматыдағы Жазушылар одағы ғимаратының алдында өткен митингте «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Алғашқы қазақстандық үкіметтік емес ұйымның идеялық шабыттанушысы танымал жазушы, ақын және дипломат Олжас Сүлейменов болды. Ол 1989 жылғы маусымда СССР депутаттарының 1-ші съезінде ұйымның мақсаттары, міндеттері мен талаптарын баяндады.

1991 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында ядролық сынақтарды тоқтату үшін күрделі күрес табыспен аяқталды. Одақтық орталықтың келісуін күтпей, Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақстан жаппай ядролық қарусыздануға нақты қадам жасады: Семей ядролық сынақ полигоны жабылды - жойғыш күші және қирату ядролық әлеуеті бойынша әлемде 4-ші орында болған болатын.

«Невада-Семей» қозғалысы әлемдік деңгейде Қазақстанның табысты антиядролық саясатының іргетасын қалады. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің мемлекетіміз ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және қару-жарақты бақылаудың ғаламдық процесіне белсенді түрде қатысып, тиісті халықаралық институттар мен механизмдерді нығайтуға берік ұмтылыс танытты. Қазақстанның осы саладағы жауапты саясаты әлемдік қоғамдастықта еліміздің оң имиджін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Әлемдегі қарусыздану үдерісіндегі ағымдағы тоқырауды жеңу үшін Қазақстан ядролық қауіпті азайтуға және ядролық қарудан азат әлемге көшуге бағытталған жаңа бастамалармен үнемі айналысады.

2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның 100-жылдығына ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі бастаманы ұсынды. Ядролық отын циклына көп жақты көзқарастарды жүзеге асыру үшін Қазақстан өз аумағына МАГАТЭ-нің бақылауымен Төмен байытылған уран банкін орналастырды.

Бұдан басқа, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа күшіне енуіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның көшбасшысы АТОМ халықаралық жобасына (Abolish Testing – Our Mission) бастамашылық жасады. Осы инновациялық жобаның аясында әлемнің кез-келген тұрғыны әлем үкіметтеріне ядролық сынақтардан бас тартуға және келісімнің күшіне енуіне қол жеткізуге шақыратын онлайн-петицияға қол қоя алады.

Біздің еліміздің осы саладағы айтарлықтай жетістігі БҰҰ-ның Семей полигонын жабулы күні 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде жариялауы деп айтуға болады.

Бұдан басқа, таратпау және ядролық қарусыздану саласында Қазақстанның көршілес елдермен бірлесе, әлемде бесінші болып құрылған Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру, сондай-ақ БҰҰ-ның ядролық қарусыз әлемнің жалпы декларациясын қабылдау туралы ұсыныстар және Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруды қолдау сияқты бастамалары зор маңызға ие.

Қосылған : 29.08.2019, 11:15, Өзгертілген : 29.08.2019, 11:15