Eкіжақты қарым-қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Беларусь арасындағы қатынастар

1992 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1993 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі ашылды.

1997 жылдың 13 шілдесінде Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ашылды.

2019 жылдың тамыз айынан бастап Бейсенбаев Асқар Асанұлы Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.

2013 жылдың қазан айынан бастап Анатолий Иванович Ничкасов Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.

Олардың Еуразиялық Экономикалық Одақтың қызметіне қатысуы, екі елдің қарым-қатынасына саяси рең берген маңызды фактор болып саналады.

Екі ел арасындағы қатынастар өзара түсіністік пен сенім жағдайында дамуда. Екі мемлекеттің ұстанымдары аймақтық және халықаралық саясаттың көптеген мәселелерінде сәйкес келеді. Мұны екіжақты және көпжақты форматтағы байланыстардың оң динамикасы байқатады.

Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының құқықтық негізіне түрлі салалардағы 100-ден астам келісім-шарттар мен келісімдер кіреді. Іргелі келісімнің бірі: Достық және ынтымақтастық туралы шарт.

Саяси диалог

2012 жылдың 12-14 мамырында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Беларусь Республикасына ресми сапары орын алды.

2013 жылдың 3-4 қазанында Қазақстанға ресми сапармен Беларусия Президенті А.Г. Лукашенко келді.

2015 жылғы 19 наурызда Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукашенко Қазақстан Республикасына жұмыс бабымен келді.

2016 жылдың 30 мамыры күні Астана қаласында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті А. Лукашенконың кездесуі болып өтті, оның барысында екі елдің президенттері сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту сұрақтарын талқылады. Мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық күнтәртіптің өзекті аспектілері бойынша пікір алмасты.

2017 жылғы 29-30 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Беларусь Республикасына ресми сапары болды. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды, олардың негізгісі - Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім және 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасы.

Парламент аралық қатынастар

Екі ел арасындағы парламентаралық қатынастарда үлкен әлеует бар. ТМД ПАА, ҰҚШҰ және басқа да парламенттік құрылымдар аясында өзара консультациялар өткізу ұйымдастырылды.

2017 жылғы 15-17 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулиннің Беларусь Республикасына ресми сапары өтті.

2018 жылғы 30 қазан - 1 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев Беларусь Республикасына сапармен барды, оның барысында Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкомен, Беларусь Республикасы Парламенті Кеңесінің төрағасы М.Мясниковичпен, Беларусь Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы В. Андрейченкомен кездесулер өткізілді. Екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту, парламентаралық қатынастар мен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

Беларусь Парламенті Өкілдер палатасының Төрағасы В.Андрейченконың 2015 жылғы 16-18 маусымда Қазақстанға ресми сапары болды.

Үкіметаралық деңгейде Беларусь Республикасының Премьер-Министрі М.Мясниковичтің Қазақстан Республикасына (2012ж. 8-11 қараша) және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.Ахметовтың Беларусь Республикасына (2013ж. 25-26 сәуір) ресми іс-сапарлары болып өтті.

2015 жылғы 28 мамырда ТМД үкімет басшылары Кеңесі отырысының барысында (Бурабай п.) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.Кобяковпен кездесті.

2017 жылғы 13 тамызда Беларусь Республикасы Үкіметі Басшысының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.Кобяковпен кездесуі өтті. Үкімет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимыл аспектілерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

Сауда және экономикалық ынтымақтастығы

Қазақстан Беларусьтің ТМД шеңберіндегі ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.

Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 896 млн. АҚШ долл.

2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында (4 ай ішінде) Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы тауар айналымы 257,9 млн долларды, қазақстандық өнім импорты 41,5 млн долларды, Беларусьтің Қазақстанға экспорты - 216,4 миллион долларды құрады.

ҮӘК-тің 14-ші отырысы 2018 жылғы 26 қарашада Минск қаласында өтті. Отырыста 2017-2018 жылдарға арналған екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың Жол картасын жүзеге асыру, құрастыру зауыттарының жұмыс істеуі және кеңеюі, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру, агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық және аэроғарыш, денсаулық сақтау және т.б. мәселелер қаралды.

2019 жылдың 5 шілдесінде Минскіде Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы Іскерлік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Іскерлік кеңесті құру туралы келісімге 2017 жылдың 29 қарашасында қол қойылған.

Өңіраралық ынтымақтастық күшейе түсті. 2014-2017 жылдары Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының делегациялары Беларусь Республикасына, Минск және Гродно облыстарының делегациялары Қазақстанға келді.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы

Мәдени-гуманитарлық және ғылым-техника салаларындағы өзара қарым-қатынас тұрақты даму үстінде. Ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және т.б. салаларда тәжірибе және мамандармен алмасу өткізіледі. Қазақстандық медицина мамандары Беларусияның жетекші медициналық мекемелерінде тұрақты негізде біліктілікті арттырудан өтіп, бірлескен оталар жүргізеді. ҚР және БР ғалымдары екі тарапта да өткізілетін іс-шараларға қатысады.

Қазіргі уақытта Беларусь жоғары оқу орындарында 270 қазақстандық студент білім алуда.

Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь комиссиясы жұмыс істейді. 2017 жылғы 28 қарашада Минскіде комиссияның 6-шы отырысы өтті, тиісті Хаттамаға қол қойылды.

Минск қаласында қазақ тарихын, мәдениеті мен тілін одан әрі дамыту мақсатында 2015 жылғы 9-12 қыркүйекте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев бастаған қазақстандық делегация болды. Іссапар барысында: Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығында қазақ диаспорасының қатысуымен «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты дөңгелек үстел; М.Әуезов атындағы № 143 орта мектептің оқытушылар құрамымен және оқушыларымен кездесу. Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өткізілді.

2018 жылдың желтоқсанында Минскіде Қазақстанның Мәдениет күндері өтті.

ҚР Беларусьтағы Елшілігі

Қосылған : 6.11.2016, 18:50, Өзгертілген : 9.11.2016, 11:23