​Сыртқы істер министрі мен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы түркі ынтымақтастық ұйымдарының реформасын талқылады

АСТАНА, 2019 жылғы 12 наурыз – Түркі ынтымақтастық ұйымдарын реформалау мәселелері Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) Бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесуі барысында қаралды. Түркі кеңесінің делегациясы Қазақстанға Үйымға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері басшыларының отырысына қатысу үшін жұмыс сапармен келді.

Шолпан-Ата қаласында өткен Түркі кеңесінің 6-шы саммиті барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі ынтымақтастық ұйымдарын құрылымдық реформалау процесіне бастамашылық етті.

«Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі - қазіргі заманда рөлі айтарлықтай артып келе жатқан бірегей халықаралық ұйым. Ұйымның барлық мүшелері үшін Түркі кеңесінің беделі мен әлеуетін одан әрі нығайту өте маңызды. Сондықтан Қазақстан Түркітілдес интеграцияның қазіргі институттарын оңтайландыру және қызметтерін қайта форматтау мен орталықтандыру бойынша нәтижелі жұмысқа үміттенеді», - деп атап өтті Министр.

Өз кезегінде Б. Әміреев наурыз айының басында Абу-Дабиде өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) сыртқы істер министрлерінің 46-шы сессиясы барысында Түркі кеңесінің ИЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін алуына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан СІМ басшысына алғысын білдірді.

Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Кеңеске мүше мемлекет басшыларының уағдаластықтары мен тапсырмаларын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Ол Хатшылықтың ұйымды реформалау мәселесі бойынша мүше-мемлекеттердің астаналарында белсенді консультациялар жүргізетінін хабарлады. Сонымен қатар, жуырда бұл мәселе жөнінде Аға лауазымды тұлғалар комитетінің кезекті отырысы өтеді.

Бас хатшы Түркі кеңес мемлекеттері басшыларының Әзербайжандағы саммитіне, Өзбекстандағы түркі мемлекеттерінің бизнес-форумына, сондай-ақ салалық министрліктер мен ведомстволардың басшылары деңгейіндегі бірқатар кездесулерге дайындық барысы туралы әңгімеледі.

Сұхбаттасушылар мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру, баспа және мұрағат қызметі туралы пікір алмасты.

Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі - қазіргі түркі мемлекеттерін біріктіретін халықаралық ұйым, оның басты мақсаты Кеңеске мүше мемлекеттер арасында жан-жақты ынтымақтастықты дамыту. Ол 2009 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Мемлекет басшылары деңгейіндегі Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің кезекті 7-ші саммиті ағымдағы жылғы күзде Әзербайжанда өтеді.

Қосылған : 12.03.2019, 19:15, Өзгертілген : 12.03.2019, 19:15