Қазақстан мен Кипр көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуда 

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 15 мамыр – Сыртқы істер министрлігінде Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұлов Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен келіссөздер өткізді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы нақты жоспарларды белгіледі, сондай-ақ халықаралық аренадағы ынтымақтастық бойынша ортақ ұстанымдарға жетті.

Келіссөздер барысында көпжақты саяси өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға деген ұмтылысын растады, тұрақты консультациялар өткізуге мүдделілігін атап, екі ведомство арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан Кипрді Оңтүстік Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі деп санайды. Никосия Нұр-Сұлтанның ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық алаңдардағы халықаралық және аймақтық бастамаларын тұрақты негізде қолдайды.

Тараптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш Д» жаңа геосаяси бастамасын өте жоғары бағалап, оны халықаралық аренада ілгерілетуге дайын екендігін білдірді.

Мемлекеттердің арасындағы қатынастардың негізі болып табылатын сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуы нақты талқыланды. Сонымен қатар, әріптестіктің перспективалық бағыттары ретінде азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, қаржы қызметтері мен туризм болып анықталды.

Тараптар сауда-экономикалық саласына ерекше назарын аударып, ынтымақтастық «жол қартасын» пысықтау бойынша шешім қабылдады. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 20,3 млн. АҚШ долларына жетіп, ал 2005 жылдан бері Кипрдан тартылған жалпы тікелей инвестициялар көлемі 2,2 млрд. АҚШ. долларын құрады. Қазақстанда кипрлық қатысуымен 207 заңды тұлға, филиал мен өкілдіктер тіркелген.

«Белдеу және Жол» қытайлық бастамасы Қазақстан мен Кипрге жаңа нарықтарға шығу, капитал мен инновациялық технологияларды тарту үшін қосымша мүмкіндіктерін береді. Кипр тарапы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен өнеркәсіптік жобаларымен танысты. Осы тұрғыда, қазақстандық тарап «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) әлеуетін барынша қолдануды, соның ішінде аталған бастаманың аясында тиімді ынтымақтастықты ұсынды.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін жеке қарастырды. Кипрдің сыртқы саяси ведомствосының басшысы, ЕО-ның мүшесі ретінде, Қазақстан мен Еуроодақ және оның мүшелері арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық келісімін, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Орталық Азия үшін жаңартылған стратегиясын тиімді жүзеге асыруға мүдделі екендігін мәлімдеді. Қазақстан Кипрге Еуропалық Одақпен ынтымақтастықта толығымен сенім арта алатынын атап өтті. «Еуропалық Одақ Қазақстанның теңдестірілген, көреген сыртқы саясатын жоғары бағалайды», - деді Кипрдің министрі.

Сапардың маңызды жетістігі ретінде екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге негіз болатын ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Кипрдің Сыртқы істер министрі Н.Христодулидис Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияға қол қоюы болды.

Кипрдің Сыртқы істер министрі Нұр-Сұлтанға сапары барысында ҚР Парламентінің екі палатасының Спикерлері Дариға Назарбаева және Нұрлан Нығматулинмен, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесулер өткізді.

Қосылған : 15.05.2019, 18:10, Өзгертілген : 15.05.2019, 18:10