Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді

Тараптар күн тәртібіндегі екі жақты ауқымды мәселелерді талқылады. Негізгі әңгіме сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары саяси, мәдени-гуманитарлық салалар мен халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды қарастырды.

Беларусь делегациясына ілтипат білдірген Қазақстан Президенті екі елді достық пен ынтымақтастықтың дәстүрлі арқауы байланыстыратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың сапары өзара ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

– Біз елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсенді түрде жалғастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін жасалған маңызды қадам саналатынын жеткізді.

Александр Лукашенко беларусь-қазақ қатынастарының деңгейі екі елдің стратегиялық мүдделеріне толық сай келетінін айтты.

– Бұл – болашаққа маңызды жоспарлар жасауға мүмкіндік беретін ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Минскі мен Нұр-Сұлтан арасында барлық деңгейдегі ықпалдастықтың оң тәжірибесі қалыптасқан,– деді Беларусь Президенті.

Сауда-экономикалық байланыстарға тоқталған Александр Лукашенко Қазақстанды негізгі сауда серіктесі санайтынын айтты. Ол соңғы үш жылда екі елдің өзара тауар айналымы екі есеге артып, 1 миллиард долларға жуықтағанын мысалға келтірді. Бұдан бөлек Қазақстанның Беларусь Республикасына шығаратын импорты 45 пайызға өскенін мәлім етті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко екі жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан әрі жандандыратын және халықаралық аренадағы іс-әрекеттерді үйлестіретін Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

***

Сондай-ақ мынадай құжаттарға қол қойылды:

 

  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім.
  • Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Беларусь Республикасының Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы Келісім.
  • Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік Комитеті және Беларусь Республикасының Президенті жанындағы Жедел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы Келісім.
  • Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық Жоспары.
  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Беларусь Республикасының Мемлекеттік мүлік комитеті арасындағы жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Келісім.
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім.
Қосылған : 25.10.2019, 17:45, Өзгертілген : 25.10.2019, 17:45