Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен бірлескен баспасөз конференциясында сөйлеген сөзі

Бүгін, өзімнің әріптесім – АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны Қазақстанға алғашқы сапары аясында қарсы алуға қуаныштымын. Бұл біздің өткен қырқүйектен бастап үшінші кездесуіміз болып табылады – 2019 жылы біз Нью-Йорк және Вашингтонда кездестік. 

Қазақстан және АҚШ өздерінің бейбіт даму мен өркендеуге бағытталған сенімді және болжамды қарым-қатынасқа негізделген кеңейтілген стратегиялық әріптестігін дәйекті түрде дамытуда. 

Біздің экономикамыздың қазіргі ең ірі инвесторы болып табылатын АҚШ-қа тәуелсіздігіміз бен егемендігімізге жүйелі түрде қолдау көрсетіп жатқанына зор ілтипатымызды білдіреміз. 

Қазіргі таңда біздің ынтымақтастығымыз XXI ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық әріптестік мәртебесіне ие. Бұл деңгейге біздің көшбасшыларымыз - 2018 жылғы Вашингтондағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Д.Трамптың келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілді. 

Нұр-Сұлтан және Вашингтон саяси қатынастар, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара ынтымақтастық, қауіпсіздік және халықаралық терроризмге қарсы күрес, қару таратпау мен қарусыздану, адам құқықтары мен діни бостандық және басқа да салаларда өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша әртүрлі деңгейлерде бірнеше алаңдар форматында сапалы диалог жүргізуде. 

Біздің мемлекеттеріміздің қауіпсіздік саласындағы тиімді әріптестіктің жарқын мысалдарының бірі ұзақ мерзімді қайта қалпына келтіру мен реинтеграция үрдісінің бірінші кезеңі болған «Жусан» операциясы болып табылды.

Біздің елдеріміздің ресми тұлғаларының мазмұнды байланыстары іскер топтарға маңызды серпін берді және сауда мен инвестициялық қатынастардың айтарлықтай өсімін қамтамасыз етті. Біздің Майкл Помпеомен келіссөздеріміз қазақстандық-америкалық ынтымақтастығын сапалы дамытуға ынтамызды тағыда растады.

Бүгін біздің америкалық әріптестермен прагматизм рухында мемлекеттеріміз арасындағы инвестициялық қатынастарды әртараптандыру мәселелерін талқылаудамыз. Құрама Штаттар Қазақстан тарапынан инвестиция, жаңа технология мен білімнің, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі стандарттардың қайнар көзі ретінде қарастырылады.

2019 жылдың соңында экономиканың шикізаттық емес сегментіндегі алдыңғы қатарлы жобалардың бірі америкалық ауылшаруашылық алыбы «Tyson»-ды ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің сапарынан кейін біздің елге тарту болды. Бұл жоба бүкіл ауылшаруашылық және одан тыс салаларға мультипликативтік нәтиже береді.

Ақпараттық технологиялар, өнеркәсіптік өндірістің ғылымды қажетсінетін салалары және басқа да көптеген салалар экономикалық өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту үшін маңызды әлеуетке ие. АҚШ Мемлекеттік хатшысымен кездесу барысында біз шарттық-құқықтық базаны жаңа келісімдермен толықтыруға, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыруға және өңірлік форматта АҚШ-пен өзара ықпалдастықты нығайтуға назар аудардық.

Жуырда Қазақстан мен АҚШ арасында қол қойылған құжаттардың ішінен «Ашық аспан» туралы келісімді атап өту маңызды, ол біздің мемлекеттеріміз арасындағы тікелей әуе қатынасын ашудан басқа, іске қосылған қазақстандық әуекомпаниялар мен әуежайлар үшін қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, әріптесіммен АҚШ санкциялық саясаты жағдайында Қазақстанның экономикалық өсу мәселелерін талқыладық. Мемлекеттік департамент біздің заңды және жеке тұлғаларға қатысты санкциялардың әсерін болдырмау мақсатында қазақстандық тарапты қолдауды жалғастырады.

Біз халықаралық терроризмге, экстремизмге және радикалды идеологияның таралуына қарсы күрестегі ынтымақтастықты қолдаймыз. Біз Сирия мен Ирактың соғыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды оңалту және интеграциялау бойынша Мемлекеттік департаментпен әріптестігімізді жалғастырамыз.

Қазақстан «C5+1» диалогы аясындағы ынтымақтастықтың аймақтық форматын белсенді қолдайды. Ертең Ташкентте «C5+1» диалогының Министрлер деңгейіндегі кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз. АҚШ-тың аймақтық жобаларға ұзақ мерзімді қатысуы Орталық Азия өңірінің экономикасына инвестициялар мен технологияларды тартуды ынталандырады, мемлекеттеріміздегі өмір сүру деңгейін жақсартуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ көршілес Ауғанстанға табысты «экспорттауға» мүмкіндік береді.

Бұл аймағымызбен әріптестікті нығайту үшін таңдалған АҚШ-тың Орталық Азия бойынша стратегиясы басымдылықтарының бірі болып табылады. Майкл Помпео бұл құжатқа қатысты толығырақ тоқталады деп ойлаймын.

Таратпау және қарусыздану саласындағы көпжылдық тиімді ынтымақтастықтан басқа, біз халықаралық күн тәртібіндегі мемлекеттеріміздің басымдылықтарын, оның ішінде Елбасының жаһандық қауіпсіздік, экономикалық даму және өркендеу жолындағы ірі державалардың арасындағы сенімді қалпына келтіру жөніндегі бастамасын талқыладық.

Осылайша, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапары кеңейтілген стратегиялық әріптестік шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға деген талпынысымызды растауға және оны 2020 жылы одан әрі дамыту үшін негізін қалауға мүмкіндік берді.

М.Помпео осы және өзге де мәселелерді ҚР Президенті Қ.Тоқаев және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевпен кездесулер барысында талқыламақ. 

Назар аударғандарыңызға рахмет!

Қосылған : 2.02.2020, 17:00, Өзгертілген : 2.02.2020, 17:00