«Дипломатия жаршысы» журналының кезекті нөмірінде күзгі саяси маусым туралы

АСТАНА, 2018 жылғы 12 қыркүйек – «Дипломатия жаршысы» журналының үшінші басылымы күзгі саяси маусымның маңызды оқиғалар шеңберінде жарық көрді, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі мен «Белдеу мен жол» бастамасының бес 5-жылдығы.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін тұрақты және дәйекті түрде қорғау, еліміздің тұрақты дамуы үшін қолайлы сыртқы ортаны қалыптастыру, инвестициялар тарту, өңірлік кооперация және шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау болып табылады. Сыртқы саясаттың міндеттерін нақ осылай түсінуге байланысты Мемлекет басшысы халықаралық бастамаларды көтереді», – деп атап өтті Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Дипломатия бейбітшілік, ынтымақтастық және даму қызметінде» атты мақаласында.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әлемде теңдесі жоқ бірегей форум болып табылады. Дін мен саясаттың және халықаралық қауіпсіздіктің бір-бірімен тығыз байланысы форум идеясының өзектілігін жыл сайын арттыруда. Аталған басылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съез Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 жылдық тарихы бар форумның рөлі, дамуы мен негізгі жетістіктері туралы мақаласы жарияланды.

«Белдеу мен жол» ауқымды экономикалық жобасы континентіміздің сауда-логистикалық картасының маңызды бөлігі болып табылады. Бұл жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағы және АХҚО-мен бірге Қазақстан үшін Еуразиядағы ең маңызды сауда, логистикалық және қаржы хабы болуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жарық көрген басылымда бірқатар мақалалар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы мен «Белдеу мен жол» бастамасы тақырыбына арналған.

Сонымен қатар, журналда Франциямен стратегиялық әріптестік туралы шартты жүзеге асырудың алғашқы онжылдығының қорытындылары, Қазақстанның шетелдегі консулдық қызметі, АХҚО-ның Қаржылық комитетінің рөлі, Қазақстандағы ірі неміс инвесторы Knauf компаниясы туралы материалдар және халықаралық сипаттағы басқа да өзекті тақырыптар оқырман қауымға ұсынылып отыр.

«Дипломатия жаршысы» қазақ, орыс («Вестник дипломатии») және ағылшын (The Diplomatic Herald of Kazakhstan) тілдерінде басып шығарылады.

Журналдың электронды нұсқасы вебсайттағы http://mfa.gov.kz/kz/content/Journal сілтемесі бойынша қолжетімді.

Қосылған : 12.04.2018, 10:50, Өзгертілген : 12.09.2018, 17:00