Женева қаласында Қазақстанның Тәуелсіздік күні және БҰҰ-ға мүшелігінің 25-жылдығына арналған фотокөрме өтті

2017 жылғы 5 желтоқсанда Женева қаласындағы БҰҰ Ұлттар Сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және еліміздің БҰҰ-ға мүшелігінің 25-жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар шеңберінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі мен швейцарлық Ибрахим Кодра қорының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақстан – Ұлы Дала елі» тақырыбындағы фотокөрме ашылды.

Ашылу салтанатында Қазақстанның Женева қаласындағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова және БҰҰ мәдениет бойынша комитетінің Төрағасы Франческо Пизано сөз сөйледі. Сонымен қатар, іс-шараға Женевада аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, жергілікті іскери шеңберлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты Қазақстанның алуан түрлілігін, табиғи сұлулығын және ауқымды әлеуетін көрсету, сондай-ақ еліміздің қайталанбас жерлеріне қызығушылықтудыру болып табылады. Атап айтқанда, көрме қонақтарына еліміздің ірі қалаларының тартымды тұстары, мәдени және тарихи ескерткіштері, бірегей және сирек кездесетін табиғатымыздың, сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз бейнеленген алпысқа жуық фотосуреттер ұсынылды.

Бұл жұмыстардың авторлары – елімізде танымал және жас фотосуретшілер, оның ішінде, Арман Байсадықов, Қарлығаш Бөкенова, Марлен Ибраев, Оспан Әли, Жәкен Таймағамбетов, Эльмира Әбдірахимова және басқалары.

Фотокөрме 2017 жылғы 15 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

Қосылған : 5.12.2017, 15:10, Өзгертілген : 5.12.2017, 15:10