Вильнюсте «Қазақстанға іскерлік жол» атты практикалық семинар өтті

ВИЛЬНЮС, 2019 жылғы 27 мамыр - Елшілік «Count Line» консалтингтік компаниямен бірлесе отырып және Қазақстаннан арнайы шақыртылған сарапшы Асқар Махметовтің атсалысуымен «Қазақстанға іскерлік жол» атты практикалық семинар ұйымдастырды.

Іс-шараға елімізбен іскер ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытқан литвалық компания өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Семинарда Қазақстанның бизнес саласын реттейтін нормативтік-құқықтық заңнамалардың негізгі қағидаттарын түсіндіру мен елімізге инвестиция тарту жолдарына басты екпін қойылды.

Қатысушылар Қазақстанға инвестиция тарту, еркін экономикалық және индустриалды аймақтар, инвестициялық жеңілдіктер, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы жаңа кешенді «экожүйе» жөнінде толық ақпарат алды.

Салық саласының сарапшысы А.Махметов Қазақстанда шетелдік компания өкілдіктерін құру мәселесі жөнінде жан-жақты консультация өткізіп (бизнесті тіркеу, шот ашу, ЭСҚ, қызметті лицензиялау), қазақстандық Салық кодексінің басым тұстарын атап өтті.

Бұдан басқа, сарапшы Қазақстандағы кеден рәсімдері туралы баяндап, ЕАЭО елдеріне Қазақстаннан өнімдерді бажсыз шығарудың мүмкіндіктері мен «Қорғас - Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймақта жеңілдікті негізде шекаралық сауда жүргізу мүмкіндіктерін айтып өтті.

Семинарға қатысушылар іс-шараның терең мазмұндылығы мен танымдық сипатын жоғары бағалады.

Қосылған : 28.05.2019, 17:00, Өзгертілген : 28.05.2019, 17:00