Чех Республикасының «Клементинум» Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиетінің орталығы ашылды

2017 жылғы 20 желтоқсанда Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиетінің орталығы ашылып, Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханасы мен Чехияның Ұлттық кітапханасы арасында ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.

Аталған жоба Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің, Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің көмегімен жүзеге асырылды.

Елші Сержан Әбдікәрімов Ұлттық кітапханасының бас директоры Мартин Косандеге рухани жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ақпарат беріп, чех тіліндегі мақала мәтінін табыс етті.

Орталықтың ашылуы аясында Ұлттық Академиялық кітапхананың қызметкерлері Чехияның Ұлттық кітапханасына 200-ге жуық қазақстандық жазушылардың тарихи, қоғамдық-саяси, көркем әдебиет, білім және танымдық кітаптарды сыйға тартты.

Клементинум кітапханасы Прага қаласындағы көрікті және ірі сәулеттік ескерткіштердің бірі болып табылады. Клементинум 20 мың кв. м. алаңында орналасқан. Аталған кітапхана ең көне, әрі Чехияда қордың көлемі бойынша ең үлкен көпшілік кітапхана болып табылады. Жиналған материалдардың құндылығын ескере отрып, Еуропадағы кітапханалар арасында ең маңызды кітапхана қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап «Әлем естелігі» атты халықаралық тізілімде тұр.

Қосылған : 21.12.2017, 11:45, Өзгертілген : 21.12.2017, 11:45