Сыртқы істер министрлігінде Жапония Парламенті Өкілдер палатасының депутаттарымен кездесу өтті


НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 3 қыркүйек - Сыртқы істер министрлігінде Министрдің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің Жапония Парламенті Өкілдер палатасының депутаттарымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматта жемісті әріптестікті атап өтті, сондай-ақ саяси, парламентаралық, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы қазақстан-жапон ынтымақтастығының даму қарқынына ерекше мән берді.

М. Тілеуберді жапондық тарапты Қазақстанда болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырып, Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы қарым-қатынастарды жандандыруға шақырды. Оған қоса, елімізде жапондық бизнесмендерге қолайлы жағдай жасауға барлық мүмкіншіліктер бар екендігін атап көрсетті.

Жапонияның Өкілдер палатасының депутаты Фумияки Кобаяси Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөліне баса назар аудара отырып, болашақта екі ел арасында табиғи ресурстарды игеру, қоршаған ортаны қорғау, бизнес байланыстарды кеңейту, ауылшаруашылығы және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру саласында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отырғандығын мәлімдеді.

Сонымен қатар, жапон тарапы Алматы қаласының бай табиғатының кең мүмкіншіліктеріне тоқтап, қазақстандық туризмді ілгерілетуге үлкен әлеует бар екенін жеткізді.

Тұтастай алғанда, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйіне қанағат білдіріп, болашақта өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.


Қосылған : 4.09.2019, 15:25, Өзгертілген : 4.09.2019, 15:25