​ҚР Сыртқы істер министрлінде Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясын ұйымдастыру бойынша брифинг өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 25 маусым - Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде 2020 жылғы 8-11 маусымда Нұр-Сұлтанда өтетін 12-ші Дүниежүзілік сауда ұйымының Министрлік конференциясын (МК-12) ұйымдастыру бойынша брифинг өткізді. Іс-шараның мақсаты – шетелдік әріптестер мен елімізде аккредиттелген дипломаттарды Конференцияны ұйымдастыру барысымен таныстыру болды.

Брифингте спикер ретінде Қазақстанның Швейцариядағы Елшісы - Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде және өзге де халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, Жанар Айтжанова, ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Олжас Исабеков және Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Карл Браунер сөз сөйледі. Сондай-ақ іс-шараға 60-тан астам шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен еліміздің мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Брифингті ашқан О.Исабеков ДСҰ-ның жоғары басқарушы органының кезекті кездесуін өткізу құқығына Қазақстанның өтінімін қолдағаны үшін шетелдік қонақтарға алғыс білдіріп, бұл ұйым мүшелері қатарына жуырда қосылған және көпжақты сауда жүйесінің қағидаттарын ұстанатын Қазақстанға деген жоғары сенімнің бірден-бір дәлелі деп баса айтты. Сондай-ақ, О. Исабеков ДСҰ-ның Министрлік конференциясы алғаш рет 1995 жылы құрылғаннан кейін Ұйымға қосылған ел аумағында және алғаш рет Орталық Азия аймағында өтетінін атап өтті.

ДСҰ Бас директорының орынбасары К. Браунер 12-ші Министрлік конференциясының алдында тұрған басты міндеттері туралы сөз қозғап, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер жайлы әңгімелеп берді. Оған қоса ол ДСҰ конференциясының төрағасы ретінде Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті.

Ж.Айтжанова өз сөзінде Қазақстан үшін бұл басқосу елеулі оқиға болатынын атап өтті. «Біздің еліміз Министрлік конференцияның нәтижелі болуы үшін ДСҰ-ның күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға сындарлы үлес қосуға дайын», - деп баса айтты Қазақстан Елшісі. Ол сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 12-ші Министрлік конференциясын дайындау жөніндегі Ұлттық ұйымдастырушылық комитет құрылғаны, сондай-ақ оны өткізу бойынша ведомствоаралық жоспардың қабылданғаны туралы баяндап берді.

Қатысушылар брифинг барысында халықаралық сауданың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, көпжақты сауда жүйесін және ДСҰ-ны нығайту қажеттілігіне назар аударып, алдағы іс-шараның бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқыға салды.

МК-12 жұмысына ДСҰ-ға мүше 164 мемлекеті және 20 бақылаушы елдің сауда министрлері қатысады, ал жалпы қатысушылардың саны 4000-нан асады деп күтілуде.

Қосылған : 25.06.2019, 19:45, Өзгертілген : 25.06.2019, 19:45