ҚР СІМ-де «Ауғанстанмен ДРК саласындағы ынтымақтастығына Қазақстанға жәрдемдесу» жобасының іске асырылуын пысықтады

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының БҰҰ Даму Бағдарламасымен (БҰҰДБ) және Жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) әріптестікте іске асырып жатқан «Ауғанстанмен ДРК саласындағы ынтымақтастығына Қазақстанға жәрдемдесу» жобасын басқару комитетінің II отырысы өтті. Жобаны іске асыру туралы уағдаластық ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы бірлескен мәлімдемесінде бекітілген болатын.

Іс-шарада ҚР СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры – жобаның ұлттық үйлестірушісі Олжас Исабеков, Ауғанстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кадам Шах Шахим, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Жапон Елшілігінің дипломаттары және еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинарға арнайы қатысу үшін JICA-ның Токиодағы штаб-пәтерінің сарапшылары, сондай-ақ Жапон агенттігінің Бішкектегі өңірлік кеңсесінің өкілдері келді.

Өзінің алғы сөзінде О.Исабеков отырысқа қатысушыларды елімізде дамуға ресми көмек (ДРК) ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар турасында хабардар етті. ДРК саласындағы қазақстандық пилоттық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша Қазақстанның халықаралық әріптестермен, соның ішінде JICA, БҰҰДБ-мен жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды ерекше атап өтті. Ол болашақта бұл салада жаңа пилоттық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге қатысты қазақстандық тараптың дайын екендігін білдірді.

Отырыс аясында БҰҰДБ өкілдігінің жоба менеджері Генадий Рау аталған жобаны іске асыру барысындағы 2017 ж. орындалған жұмыс туралы таныстырылым өткізді. Сонымен қатар, ол отырысқа қатысушыларды 2018 жылғы 30 наурыз – 12 сәуір аралығында Астана қаласында Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдары өкілдеріне арналған Ана және бала денсаулығын сақтау семинарын өткізуді көздейтін 2018 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.

БҰҰДБ өкілі Ауғанстанның 30-дан аса қоғамдық денсаулық сақтау өкілдерінің қатысуы жоспарланған семинардың «Назарбаев Университеті» негізінде өтетіні туралы хабарлады. Оның бағдарламасы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы «Назарбаев Университеті» Медицина мектебінің, Астана ұлттық лабораториясының және Ана мен бала орталығы жетекші мамандарының дәрістері мен семинарларын қамтиді. Дәрістердің бірін 2017 жылғы қазанда Токио қаласындағы JICA Орталығы ұйымдастырған «Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі арқылы ана мен бала денсаулығын жақсарту» тақырыбындағы оқыту курсына қатысқан Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының қызметкері өткізетіні назар аудартады.

Жалпы, бұл жобаның бірегейлігі – мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында ауған мамандарының әлеуетін арттырумен қоса, еліміздің мемлекеттік органдары өкілдерінің ДРК саласындағы сарапшылық әлеуетін дамыту болып табылады. Бұған дейін аталған жоба аясында Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің Душанбе, Бішкек және Токиоға таныстыру сапарлары ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Бұл семинарлар Қазақстанның ұлттық ДРК жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмысы аясында болашақ қазақстандық ДРК жобаларын іске асыру бойынша іс жүзінде құнды мағлұмат алуға бірден бір мүмкіндік берді.



Қосылған : 2.02.2018, 21:20, Өзгертілген : 2.02.2018, 21:20