Ұлыбританияның Елшісі мемлекеттік наградамен марапатталды

АСТАНА, 2017 жылғы 27 желтоқсан – Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Кэролин Браунға Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың К. Браунды марапаттау туралы Жарлығына сәйкес, Елші Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы жемісті ынтымақтасты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасына ие болды.

Қ. Әбдірахманов тиімді әрекеттестік пен саяси диалогтың дамуына, сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын тамамдап жатқан К.Браунға алғысын білдірді. Еліміздің Лондондағы Елшілігімен тығыз ықпалдастықтың нәтижесінде британдық дипмиссияның басшысы Қазақстанды Ұлыбританияның Орталық Азия елдерінің ішіндегі стратегиялық әріптес ретіндегі мәртебесін бекітуге жәрдемдесті.

К. Браунның 5 жылға жуықтаған қызметі барысында (2013 ж. бастап) Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастар жаңа сапалы деңгейге көтерілді, жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастырылды. Белсенді саяси диалог пен іскерлік топтардың байланыстары бұның айғағы болып табылады.

Екіжақты байланыстарды күшейтуге бағытталған үлесін жоғары бағалағаны үшін К. Браун Қазақстан басшылығына шынайы алғысын білдірді. Ол бірқатар бірлескен іс-шараларды сәтті жүзеге асыруына жол ашқан қазақстандық дипломаттарға британдық елшілігімен жемісті әрекеттескені үшін ризашылығын айтты.

Анықтама үшін: 2013 және 2015 жж. Мемлекет басшысы Ұлыбританияға сапармен барды. 2013 ж. екіжақты байланыстардың тарихында Ұлыбританияның Премьер-министрі Д.Кэмерон Қазақстанға алғаш сапарымен келді, ал 2015 ж. ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімовтің Лондонға сапары өтті.

Одан бөлек, ҚР Президенті Н.Назарбаев британдық басшылармен халықаралық саммиттер аясында кездесті (2014 ж. Миланда Премьер-министр Д.Кэмеронмен және 2016 ж. Ханьчжоуда Премьер-министр Т.Мэймен).

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған Ұлыбританияның Ұлттық күніне қатысу үшін корольдіктің отбасының беделді мүшелерінің бірі Ханзада Ричард, Глостер Герцогі Қазақстанға келді.

Екі елдің парламентарийлері белсенді диалогты орнатты, жыл сайын Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстандық-британдық үкіметаралық комиссияларының отырыстары өткізіледі.

Қосылған : 27.12.2017, 13:50, Өзгертілген : 27.12.2017, 13:50