Киевте Т.Шевченконың Қазақстандағы өмірі туралы жобаның тұсаукесері өткізілді

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі және Батыс Украинадағы Құрметті консулдығымен Тарас Шевченконың Қазақстанға жер аударылу кезіндегі өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын «Қазақ даласындағы Кобзарь» жобасы жүзеге асырылды.

Жоба шеңберінде украиналық танымал режиссер және публицист Евгений Козак кітап шығарып, таяуда халықаралық «Канев-2017» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені иеленген деректі фильм дайындады.

Жобаның ресми тұсаукесері Елшілікпен 2017 жылғы 1 қарашада Т.Шевченко атындағы Ұлттық университеттің Киев халықаралық қатынастар институтінде өткізілді. Іс-шараға атақты украиналық ғалымдар, дипломатиялық миссия басшылары, Украинаның мемлекеттік органдар басшылары, танымал «шевченкотанушылар», қазақ диаспорасы, БАҚ өкілдері және студенттер қатысты.

Іс-шара қатысушыларымен сәлемдесе келе, Қазақстанның дипломатиялық миссия басшысы Самат Ордабаев Т.Шевченконың қазақстандық-украиналық қатынастардағы ерекше орнын және халықтардың арасындағы бауырмалдастықты күшейтудегі ықпалын атап өтті. Елші Кобзарьдің суреттері арқылы украиналықтардың көптеген буын өкілдері қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрлері және мәдениетімен, сондай-ақ еліміздің әсем табиғатымен танысуға мүмкіндік алғанын баса айтты. Кобзарьдың лирикалық туындыларының шығармашылық рухы бойынша қазақтың біртуар ақындары мен ағартушылары Абай Құнанбайұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріне жақын екендігін айтты.

Киев Ұлттық университетінің ректоры, Украина қаһарманы Леонид Губерский Тарас Григорьевичтің екі халықтың мәдени-гуманитарлық қатынастарының ұйытқысы, ал оның көпжақты шығармашылығы ортақ мәдени құндылық болғанын айтты.

Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Василий Кремень «Қазақ даласындағы Кобзарь» жобасына өзінің жоғары бағасын берді, жас буын үшін екі елдің қарым-қатынасын күшейтудің үлгісі болатынын айтты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақстандық-украиналық қатынастардың белсенді дамуындағы негізгі ролін атап, Кобзарь есімінің Қазақстанда құрметпен сақталуына өз ілтипатын білдірді.

Тарас Шевченконың Қазақстандағы өмірі туралы қазақстандық-украиналық жоба тұсаукесердің басқа да қатысушыларының оң бағасына ие болып, ақынның мұрасын зерттеудің жақсы құралы болатынына сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі

Қосылған : 2.11.2017, 05:00, Өзгертілген : 2.11.2017, 05:00