Каирде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25-жылдығына арналған іс-шараға қатысты

2017 жылғы 9 тамызда Каир қаласында (Мысыр) Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мысырлық белгілі саясаткерлер, сарапшылар, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қазақстан-Мысыр достығы ассоциациясының мүшелері, атап айтқанда МАР Инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрі Сахар Наср, Қызыл теңіз губернаторы - Қазақстан-Мысыр достығы ассоциациясының Төрағасы Ахмед Абдалла, «Нұр-Мубарак» ислам мәдениеті университетінің ректоры Джауда Абдул-Гани Басюни қатысты.

Дөңгелек үстелде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов баяндама жасады. Ол баяндамасында дипломатиялық қатынастардың орнауының тарихи аспекттерін және екіжақты қатынастардың негізгі бағыттарын ашып берді. Ол екі ел арасындағы қатынастардың осы жылдары құрылу кезеңінен өтіп, жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін, қазіргі уақытта Қазақстан мен Мысыр арасындағы дәстүрлі ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігі туралы түсіністікке қол жеткізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде, Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев екі мемлекет басшыларының дана және сындарлы саясатының арқасында, дәл ширек ғасыр бұрын екі ел ерекше сенім және құрмет қатынастарының негіздерін қалағанын атап өтті. Қазақстан мен Египет арасындағы екіжақты қатынастардың барлық кешенін дамытуға оңтайлы жағдайлар алдағы жылдары қатынастардың даму динамикасының жоғары қарқынын сақтауға кепіл болады.

Жалпы алғанда, дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі уақытта екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын жоғары бағалады. Сонымен қатар, баяндамашылар географиялық алшақтыққа қарамастан, Қазақстан мен Мысыр арасында екіжақты қатынастарды ғана емес, көпжақты форматтағы ынтымақтастықты да жандандыруға үлкен әлеует бар екенін атап өтті.

Қосылған : 10.08.2017, 15:10, Өзгертілген : 10.08.2017, 15:10