Каирде Назарбаев оқулары өтті

Қазақстанның Каирдегі Елшілігі Тұңғыш Президент күніне орай «Назарбаев оқулары» атты ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырды. Мысырдың ең ірі баспа конгломераты болып табылатын «әл-Ахрам» орталығында өткен іс-шараға Мысыр Парламентінің депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер, жазушылар мен журналистер қатысты.

Семинарға қатысушылар Елбасының басшылығындағы Қазақстанның даму жолын, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, Президенттің халықаралық және аймақтық бастамаларын, оның әлемдегі ең күрделі шиеленістерді шешудегі делдалдық күш-жігерлерін талқылады.

Іс-шара барысында араб тіліне аударылған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты араб тіліне сириялық аудармашы Имад Тахина аударды. Мысырдың саясаттанушылары мен экономистері тәуелсіз Қазақстанның ерекше мемлекеттік құрылысы мен даму жолы толық баяндалған Президенттің еңбегімен танысты. Елбасының жеке пікірлері мен бақылаулары, оның ойлары мен толғанулары ерекше қызығушылық тудырды. Семинарға қатысушылар аталған шығарманы жоғары бағалап, қазіргі уақытта Мысырдың алдында тұрған ұқсас міндеттерді, атап айтқанда ел астанасын көшіру, шетелдік инвестиция тарту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және т.б. мәселелерді назарға ала отырып, қазақстандық озық тәжірибені елдің мемлекеттік мекемелерінде, университеттері мен академиялық орталарында оқыту туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, оқулар шеңберінде Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы талқыланды. Мысырлық ғалымдар Қазақстанның тарихи тамыр тереңге бойлағанын және әлемдік өркениеттің дамуына халықтың елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бұған қоса, қазақ халқының ата-бабалары, соның ішінде Сұлтан Бейбарыс маңызды рөл ойнаған Мысыр тарихындағы мәмлүктер дәуіріне ерекше көңіл аударылды. Зерттеушілер Қазақстанның тарихи мен мәдени мұрасын жаңғыртуға, сондай-ақ жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға арналған президенттік бағдарламаның маңыздылығын баса атап өтті.

Қосылған : 2.12.2018, 10:00, Өзгертілген : 2.12.2018, 10:00