Ханойда Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қатынастардың жетістіктері атап өтілді

Ханойда Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмахановтың Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Фам Бинь Миньмен кездесуі өтті.

Сұхбаттастар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытудың ахуалы мен келешегін талқылады. Биыл Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтуде.

Қазақстандық дипломат тарихи тұрғыдағы осындай қысқа кезеңде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастық барлық дерлік салаларында оң дамуын алғанын, атап айтқанда саяси және сауда-экономикалық салаларда дамығанын атап өтті.

Б. Жұмаханов, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы Вьетнамға жасаған мемлекеттік сапары мен 2012 жылы Вьетнамның Президенті Чыонг Тан Шангтың Астанаға жасаған жауапты ресми сапары екі ел арасындағы саяси ынтымақтастығының іргетасын қалыптастырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге серпін бергенін айтып кетті.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ханойдағы Елшілігінің ашылуынан бастап тараптар сауда-экономикалық бағытта айтарлықтай біршама жетістіктерге қол жеткізді, атап айтқанда екіжақты сауда көлемінің ұлғаюы байқалады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Вьетнам арасындағы Еркін сауда туралы келісім экономикалық байланыстарды дамытуда маңызды көмек болып табылатыны атап өтілді.

Фам Бинь Минь, өз кезегінде, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың оң нәтижелерін қанағаттаннарлықпен атап өтті. Ол Қазақстанның Ханойдағы Елшілігінің белсенді жұмысын атап өтіп, елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған барлық бастамаларға өзінің қолдауын білдірді.

Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Вьетнамның Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы және көрме шеңберінде өткізілген Ұлттық күнді ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Тараптарды барлық деңгейлерде делегациялармен алмасуды жалғастыруға және өзара түсіністікке және тиімді екі жақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында саяси консультациялар өткізуге шақырды.

Бұл тұрғыда, тараптар Вьетнам Ұлттық Ассамблеясының төрайымы Нгуен Тхи Ким Нганның 2017 жылғы 16-18 қазан аралығында жоспарланған Астана қаласына ресми сапарын ұйымдастыру жұмыстарын тығыз қарым-қатынаста үйлестіріп отыруға уағдаласты. Бұл екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ жалпы алғанда Қазақстан-Вьетнам қатынасы үшін үлкен маңыз берілетін Вьетнам Ұлттық Ассамблеясы төрайымының Қазақстанға алғашқы ресми сапары болып табылады.

Кездесу соңында елші Б. Жұмаханов екі ел халықтарының арасындағы достық қарым-қатынастың рухына таң Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дәстүрлі достықты дамыту мақсатында вьетнамдық тараппен тығыз ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниет білдірді.

Анықтама: Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 маусымда орнатылды. Вьетнамның Астанадағы Елшілігі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді, ал Қазақстанның Ханойдағы Елшілігі 2014 жылдың наурыз айында ашылды.

ҚР кеден органдарының мәліметтері бойынша, 2017 жылғы қаңтар-тамыз кезеңінде екі жақты сауда айналымының көлемі 364,7 млн. АҚШ долларына жетті (ҚР-дан экспорт - 192,9 млн. долл., ал импорт - 171,8 млн. долл.). Іс жүзінде бұл көрсеткіш 2016 жылғы сауда айналымының көлеміне теңестіріледі - 366,2 млн. АҚШ доллары (ҚР-дан экспорт - 167,4 млн., Қазақстанға импорт - 198,8 млн). Мұндай сауда айналымының күрт өсуіне себеп болған қазақстандық экспорттың ұлғаюы, атап айтқанда рекордтық 192,9 млн. долларға жетті, ал екіжақты сауда тарихында жылдық есеппен алғанда бұл көрсеткіш бұдан бұрын 7-10 млн АҚШ долларынан аспаған.

2015 жылы тауар айналымы 205,8 млн АҚШ долларын құрады (қазақстандық экспорт - 10,4 млн., импорт - 195,4 млн.), 2014 жылы - 271,9 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт - 1,7 млн., импорт - 270,2 млн.).

Оған қоса, Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттері мен Вьетнам арасындағы Еркін сауда айналымы туралы келісімнің күшіне енуінен бастап (2016 жылғы қазан айы) Вьетнаммен сауда айналымы 2015-2016 жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға өсті. Бұл көрсеткіштің жартысынан астамы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда айналымы болып табылады.
Қосылған : 29.09.2017, 17:00, Өзгертілген : 29.09.2017, 17:00