Бруней-Даруссаламда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

Бандар-Сери-Бегаван, 2019 жылғы 5 тамыз – Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (IOFS) Бас директорының міндетін атқарушысы Ерлан Байдәулеттің Бруней-Даруссаламға жұмыс сапары өтті.

Сапар барысында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Алғашқы ресурстар және туризм министрі Аванг Али Бин Апонгпен келіссөздер ұйымдастырылды.

Е.Байдәулет Бруней тарапын ұйым қызметінің ағымдағы жағдайы туралы мәлімет берді. IOFS шеңберіндегі ынтымақтастық қазіргі уақытта ноу-хау саласында тәжірибе алмасу, қажетті гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған үйлестірілген іс-қимылдарды жүргізу, сондай-ақ мүше мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында қаржы және ауыл шаруашылығы ресурстарын жұмылдыру және басқару бойынша кең мүмкіндіктер беретіндігін атап өтті. Қазақстандық өкіл IOFS Брунейдің Ауыл шаруашылығын дамыту шеңберінде (өзінің ІЖӨ шеңберіндегі үлесін 1%-дан 4%-ға дейін арттыруелдің ұзақ мерзімді азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын іске асыру және өнімнің кейбір түрлерін экспорттау бойынша жұмыстарына барынша қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады. Осы орайда, Бруней тарапын IOFS қызметіне қосылуға және 2019 жылғы 27-29 тамыз аралығында Жидда қаласында өтетін ұйымның Бас Ассамблеясының 2-ші сессиясына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, Е.Байдәулет Брунейдің Инвестициялар жөніндегі агенттігі басқарушы директорының орынбасары Ахмад Джефри Абд Рахманмен кездесті. Ол қатысушыларды ұйымның операциялық-инвестициялық қызметімен, оның ішінде әрбір ислам елдерінің азық-түлік теңгерімдерін талдау мен мониторингтің жалпы ақпараттық жүйесін дайындау, үлестес құрылымдардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ, қазақстандық өкіл «Kazakh Invest» ҰҚ» АО инвестициялар тарту агенттігі және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы баяндап, олармен ынтымақтастыққа шақырды.

Бруней өкілдері агроөнеркәсіптік және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларын оң бағалап, қазақстандық бастаманың өзектілігін атап өтті. Ұйымның қызметі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылатыны атап өтілді. Министр А.Апонг өз тарапынан Брунейдің IOFS Бас Ассамблеясының 2-ші сессиясына қатысу және ұйымға қосылу мүмкіндігі туралы мәселесі қосымша қарастырылатынын хабарлады.


Қосылған : 6.08.2019, 11:30, Өзгертілген : 6.08.2019, 11:30