ЮНЕСКО Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі

Париж, 2019 жылғы 21 наурыз – Халықаралық қауымдастық үшін қазақстандық басшылықтың ішкі және сыртқы саясаты сабақтастығының сақталуы мен бейбітшіл ұстанымының жалғасуы жөнінде жасаған тиянақты мәлімдемесі маңызды болды. Бұл жөнінде ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле өзінің Қазақстанның Франциядағы Елшісі әрі Ұйым жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиевпен өткен кездесуінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінің мәтіндерін табыстап, отандық дипломат Елбасы шешімінің себептері мен қисынына түсініктеме берді және мемлекетіміздің шетелдік серіктестерінің алдында алған барлық міндеттемелерін бұлжытпай орындау жөніндегі міндеттемелерін қайта растады.

Өз кезегінде О. Азуле ұсынылған ақпаратқа ризашылығын жеткізіп және Қазақстанның ЮНЕСКО-мен дәстүрлі негіздегі мазмұнды ынтымақтастығын арқау етіп, оның алдағы уақытта да оң бағытта дамитынына сенімін білдірді. Ол сондай-ақ елімізде Жастар жылы аясында кешенді іс-шаралардың қолға алынуын құптайтынын айтты.

Сұхбаттасушылар Ұйым мандатының шеңберіндегі ағымдағы әрекеттестіктің бірқатар нақты мәселелеріне тоқталды, соның ішінде Қазақстанда ЮНЕСКО қамқоршылығындағы екінші санаттағы институттар ретінде Орталықазиялық өңірлік гляциологиялық орталық пен Мәдениеттер жақындасуының халықаралық орталығын құру үдерісін.

Кездесу соңында Елші екі құрылым арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа көрсеткен қолдауы үшін О. Азуленің ТЮРКСОЙ Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымның 25-жылдығына орай марапатталғанын жеткізіп, Бас директорға тиісті медальді табыстады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) толыққанды мүшесі болып табылады. Беделді халықаралық ұйыммен ынтымақтастығымызды ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясы үйлестіреді. Мемлекетіміз ұйым аясындағы 15 халықаралық конвенцияның тарапы болып табылады. Осы күнге дейін деректі мұраның «Әлем жады» халықаралық тізіміне - 3, Дүниежүзілік мұра тізіміне – 5, материалдық емес мәдени мұра тізіміне – 10, биосфералық резерваттар желісіне – 10, айтулы мерейтойлар күнтізбесіне – 21 отандық ұсыным енгізілді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 5 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі, 50-ден астам клубы істейді. Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарарымен 2013-2022 жылдар мерзімін Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы етіп жариялады және ЮНЕСКО-ны тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты құрылым ретінде белгіледі.
Қосылған : 21.03.2019, 20:45, Өзгертілген : 21.03.2019, 20:45