Қазақстан Президентінің Арнайы Өкілі Бахрейн Короліне ИЫҰ саммитіне шақыру табыстады

Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі - Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов 2017 ж. 7-8 тамызда Бахрейн Корольдігіне сапар шекті.

Сапар барысында Арнайы өкіл Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаның қабылдауында болып, аталған елдің Сыртқы істер министрі шейх Халед бен Ахмад Әл Халифамен және Білім министрі Мәжит бен Али Әл-Нуеймимен екіжақты кездесулер өткізді.

А. Камалдинов Король Хамад бен Иса Әл Халифаға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысу үшін жолдаған шақыруын тапсырды. Аталған бастаманы Мемлекет басшысы бірінші рет 2016 жылғы сәуірде Ыстанбұлда өткен 13-ші ИЫҰ Саммиті шеңберінде жария еткен болатын.

Ғылыми және технологиялық әлеуетті дамыту саласында мұсылман қауымының күш-жігерін біріктіруге бағытталған Астана саммитіне Ұйымға мүше барлық мемлекеттер (55 ел), сондай-ақ байқаушы мемлекеттер мен бірқатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың бірінші жетекшілері шақырылады. Саммит қонақтарының 10 қыркүйекте «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми жабылу салтанатына қатысулары да күтіліп отыр.

Бахрейн Королі Мемлекет басшысының шақыруын үлкен ризашылықпен қабыл алды және бұл бастаманың Ислам әлемінің ілгерілеуі мен дамуын қолдауға қатысты күш-жігер тұрғысында маңызды екендігін атап өтті. Ол Президент Н. Назарбаевтың бітімгер және ғаламдық саясаткер ретіндегі рөліне жоғары баға берді.

Осыған байланысты бахрейндік монарх алдағы ИЫҰ Саммитіне өзінің қатысуы туралы ниетін білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Арнайы өкілі Мемлекет басшысының әртүрлі жанжалдарды шешу бойынша стратегиялық мақсатқа қол жеткізу мен мұсылман елдерінің экономикалық ынтымақтастығы үшін қолайлы жағдай тудыруға бағытталған өзге де айтулы бастамалары - Исламдық татуласу үдерісі және «Исламдық инфрақұрылымдық интеграция» бағдарламалық құжатын әзірлеу туралы айтты.

Жалпы алғанда, тараптар келіссөздер барысында Астана мен Манама арасындағы әртүрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты белсендіру жолдарын, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар, соның ішінде ИЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылының жағдайы мен болашағын талқылады.

Бахрейннің Сыртқы істер министрі шейх Халед бен Ахмад Әл Халифамен болған кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Жуық арада Қазақстан-Бахрейн үкіметаралық комиссиясын құру, сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өткізу, негізгі екіжақты құжаттарға қол қою, бахрейндік бизнес-делегацияның Қазақстанға сапарын ұйымдастыру және т.б. бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Корольдіктің Білім министрі Мәжит бен Али Әл-Нуеймимен кездесуде білім бағдарламалары шеңберіндегі ынтымақтастық саласындағы екі елдің өзара іс-қимылын дамыту жолдары, студенттермен және ғылыми орталықтар арасындағы тәжірибемен алмасу және т.б. қарастырылды.

Қосылған : 9.08.2017, 09:45, Өзгертілген : 9.08.2017, 09:45