ҚР мен ЕО арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25-жылдығына орай бірлескен мәлімдеме

2018 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы күннен бастап екі тарап арасында тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастық қалыптаса бастады.

Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында қарым-қатынастың берік шарттық-құқықтық базасы құрылды. Оның іргетасы 2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі болып табылады.

2016 жылғы 1 мамырдан бастап жартылай қолданысқа енген бұл құжат екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңге бет алғанын көрсетеді және халықтарымыздың игілігі үшін көптеген салалардағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін елеулі кеңейтті. Қазақстан ЕО-мен осындай Келісімге қол қойған Орталық Азияның бірінші мемлекеті болды.

Келісім Қазақстан мен Еуропа арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды қарқындатудың локомотиві болуға арналған. Құжат сауда, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ саяси диалогты және адам құқықтары саласындағы диалогты кеңейтуге бағытталған.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ Орталық Азия бойынша ЕО Стратегиясының іске асырылуына бірлесе қолдау білдіруде. Адами капиталды дамыту, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану, өңірдің тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымын қалыптастыру, қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ одан әрі ортақ құндылықтарға негізделген өзара іс-қимыл жасау үшін зор әлеуеттің бар екендігіне сенімді және әріптестік пен ынтымақтастықтың барлық нысандарын дәйекті жетілдіруді жалғастыруға дайындығын білдіріп отыр.

Қосылған : 2.02.2018, 18:05, Өзгертілген : 2.02.2018, 18:10