Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы қатынастар

Жалпы мәліметтер

1992 ж. 15 маусымда Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1993 ж. 7 қарашада Литваның Қазақстанда Елшілігі ашылды.

1995 ж. шілдеде Қазақстанның Литвада Елшілігі ашылды.

2018 ж. бастап Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис.

2018 ж. бастап Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Темирбаев.

Саяси қарым-қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы қарым-қатынастар тұрақты дамуда және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған.

Ең жоғары деңгейдегі байланыстар. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Литваға 1994 ж. тамызда және 2001 ж. сәуірде сапарлары өтті.

Литва Президенті А.Бразаускастың Қазақстанға 1993 ж. қарашада және 1997 ж. наурызда, сондай-ақ, Литва Президенті В.Адамкустың 2000 ж. мамырда және Литва Президенті Д.Грибаускайтенің 2011 ж. қазанда сапарлары өтті.

Жоғары деңгейдегі байланыстар. 1993 ж. шілдеде ҚР Премьер-министрі С.Терещенконың Литваға сапары өтті. Литва Премьер-министрі А.Шляжявичюс Қазақстанға бірнеше мәрте сапарымен барды (қыркүйек 1994 ж., 1995 ж. қыркүйек және желтоқсан айларында.). 2008 ж. мамырда Литва Премьер-министрі Г.Киркиластың, 2015 ж. мамырда Литва Премьер-министрі А.Буткявичюстың сапарлары болды.

Парламентаралық қарым-қатынастар ҚР Парламенті Мәжілісі мен Литва Сеймі арасындағы ынтымақтастық туралы Хаттамаға сәйкес дамуда. Бұл құжатқа 2001 ж. Вильнюске ҚР парламенттік делегациясының сапары барысында қол қойылған. ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінде және Литва Сеймінде Парламентаралық достық және ынтымақтастық топтары жұмыс істейді.

Сыртқы саяси ведомстволар арасында тығыз ынтымақтастық орнатылған. 2014 ж. қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың сапары Литваға сапары өтті. Сапар барысында ЛР Президенті Д.Грибаускайтемен, Сейм төрайымы Л.Граужиненемен, Премьер-министр А.Буткявичюспен және СІМ басшысы Л.Линкявичюспен кездесулер өтті. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волков пен Литва Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Игнатавичюстың басшылығымен 2012 ж. желтоқсанда Вильнюс қаласында бірінші СІМ-аралық консультациялар өтті. Ал, 2015 ж. наурызда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волков пен Литва Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Кривастың басшылығымен Астана қаласында екінші СІМ-аралық консультациялар өтті. 2016 ж. сәуір айында Вильнюс қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко мен Литва Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Кривастың басшылығымен үшінші СІМ-аралық консультациялар өтті.

2015 ж. қыркүйек айында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.Цой бастаған қазақстандық делегация Вильнюс қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитетінің алпыс бесінші сессиясына қатысты.

2015 ж. қазан айында Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбековтың Вильнюс қаласына сапары өтті.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

2015 жылда Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы- 321,8 млн. АҚШ доллары.

Қазақстан мен Литва сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) екіжақты ынтымақтастықтың дамытудың маңызды тетігі болып табылады. ҮАК құрылғалы бері Комиссияның он бір отырысы өткізілді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларында белсенді түрде тәжірибе алмасу жүргізілуде.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы азақ мемлекеттік агротехникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті және Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің литвалық Каунас технологиялық университетімен және Гедиминас атындағы Вильнюс техникалық университетімен байланыстар орнатылған.

Сонымен қатар, қазақстандық студенттер Вильнюс университетінде, Клайпеда теңіз институтында және т.б. жоғары оқу орындарында білім алуда.

Денсаулықты сақтау саласындағы ынтымақтастық С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Литвалық ғылым және денсаулық университеті (Каунас) арасында қол қойылған Ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде жалғасуда.

2014 ж. қараша айында Литваның 4 жоғары оқу орындары халықаралық «Болашақ» бағдарламасына енгізілді.

Қосылған : 8.09.2014, 12:42, Өзгертілген : 14.02.2019, 15:30