Лаос Парламенті Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші Жиналысына шақырылды

ВЬЕНТЬЯН, 2019 жылғы 7 наурыз - Лаоста қосымша аккредиттелген Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмаханов Лаос Ұлттық Жиналыс төрағасының орынбасары Бунпон Буттанавонгпен кездесіп, Қазақстан, Ресей және Оңтүстік Корея парламенттері жетекшілерінің лаостық парламенттің спикері Пани Ятхотуға жіберілген, 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте Астанада өтетін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші Жиналысына шақыруын табыстады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас ахуалы мен даму келешегін, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Елшісі лаостық тарапты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел азаматтарының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастамалары сөз етілген «Нұр Отан» партиясы XVIII съезінің қорытындыларымен таныстырды. Қазақстандық дипломат сұхбаттасын Елбасының халықаралық бастамалары жөнінде жекелей ақпараттандырды.

Сол күні Қазақстанның Елшісі Лаостың Халықтық-Революциялық партиясының (ЛХРП) Орталық комитеті Сыртқы байланыс комитетінің Төрағасы Сунтон Сайячакпен кездесті.

Кездесу барысында Елші ЛХРП халықаралық бөлімінің басшысын «Нұр Отан» партиясының қызметімен, Партияның XVIII съезінің қорытындыларымен, партия көшбасшысы, Президент Н.Назарбаев белгілеген жаңа тапсырмалармен таныстырып, «Нұр Отан» партиясы мен ЛХРП арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Лаостық тарап Қазақстанмен партияаралық диалогты екіжақты форматпен қатар, халықаралық ұйымдар шеңберінде де дамыту мен кеңейтуге өз қызығушылығын білдірді.

Қосылған : 12.03.2019, 12:00, Өзгертілген : 12.03.2019, 12:00