ҚР СІМ Баспасөз хатшысының Израильдегі Қазақстан азаматтарына қатысты түсініктемесі

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Түркиядан Израильге бір күндік турға келіп, Түркияға қайта ұшып кете алмаған азаматшамыз Диана Назармен хабарласты. Оның айтуынша, қазіргі жағдайы бір қалыпты, әуекомпания оны қонақүйге жайғастырған.

Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің ақпаратына сәйкес, біздің азаматшамыз түрік әуекопманияның рейсімен жергілікті Тель-Авив уақыты бойынша сағат 21:00-де Түркияға қайтып ұшатын болады.

Қолда бар ақпарат бойынша, шамамен 10-15 адамнан құралған қазақстандық туристер тобы Израильден Түркияға қайта алмай отыр. Азаматтарымыздың нақты саны анықталуда. Әуекомпания олардың барлығын қонақүйге жайғастырған. Олар да бүгінгі 21:00-дегі түрік әуекомпаниясының ұшағымен Түркияға қайтуды жоспарлап отыр.

Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені барлық азаматтарымыздың Түркияға оралғанға дейін бақылауда ұстап, оларға барынша көмек көрсетеді.

Қосылған : 23.07.2014, 22:57, Өзгертілген : 31.07.2014, 11:41