Орталық Азия елдерінің СІМ-аралық ынтымақтастығы жөніндегі бағдарлама қабылданды

САМАРҚАНД, 2017 жыл 10 қараша – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Самарқандта 2018-2019 жылдарға арналған Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Бұл құжат өңірдегі елдердің СІМ арасындағы байланыстарды және сыртқы саяси үйлесімділікті нығайтуға, сондай-ақ министрліктер кездесулерін сапалы дайындауға және оларды мазмұндылығын нығайтуға жәрдемдесуге бағытталған.

Сонымен қатар, құжат қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, туризм салаларында өзара өңірлік ықпалдасуды дамыту бойынша келісілген ұсыныстар мен ұстанымдарын әзірлеуді қамтиды.

Орталық Азия СІМ басшылары халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша өзара ықпалдасуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдардың (БҰҰ, ТМД, ИЫҰ, ЕҚЫҰ және т.б) аясында ынтымақтасуға келісті.

Бағдарламаға сәйкес, «ЕО – Орталық Азия» министрлік кездесулері, «С5+1», Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы сауда және инвестициялар жөніндегі шектелмелі келісім бойынша кеңесі, «Орталық Азия + Жапония» үндестігі, «Орталық Азия + Корей Республикасы» форумы күн тәртібінің мәселелері бойынша келісілген ұстанымдар мен ұсыныстарды дайындау ынтымақтастықтың басқа бағыты болып табылады.

Қосылған : 10.11.2017, 18:20, Өзгертілген : 10.11.2017, 18:20