​Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапармен барды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.

Елбасы Н. Назарбаевтың Таяу Шығыс аймағында алғаш рет өтіп жатқан Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуы сапардың маңызды тармағы болып табылады.

ҚР Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапардың бірінші күні Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, қаладағы шейх Заид мешітіне барды.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан келген команда қатысатынын хабарлады. Мемлекет басшысы сондай-ақ БАӘ басшылығының Қазақстан өткізетін барлық халықаралық іс-шараларға дәстүрлі қатысуын атап өтіп, сондықтан Абу-Дабиге достық қолдау көрсету үшін келіп, ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға келгенін атап өтті.

Өз кезегінде, Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян БАӘ-ға шақыруын қабыл алғаны үшін Қазақстан Презилдентіне алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті. 2019 жылы Әмірліктер елдің негізін қалаған тұлғаның 100 жылдығын атап өтті. «Сіз шейх Заидті 25 жылдан астам уақыттан бері білесіз. Ол Сізді өте құрметтейтін және әлемдік деңгейдегі басшы ретінде танитын. Біз сіздерді үлгі тұтып, 2019 жылды – толеранттылық жылы деп жарияладық. Соның аясында Әмірліктер көпұлтты, мәдениетаралық және дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Осыған байланысты биылғы ақпан айында Рим Папасы Францисктің Біріккен Араб Әмірліктеріне тарихи сапары болды», – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидегі шейх Заид мешітінде болып, елдің негізін қалаушы және Тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянды еске алды.

Бүгін 14 наурызда Мемлекет басшысы Абу-Дабидегі Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатының құрметті қонағы болады деп күтілуде. Осы салтанаттың құрметті қонақтары қатарында Бахрейн Королі, Кувейт Әмірі, Аустрия Канцлері, Мальта Премьер-Министрі және т.б. болады.

Материал ҚР Президентінің баспасөз қызметінің ақпараты негізінде дайындалды

Қосылған : 14.03.2019, 09:30, Өзгертілген : 14.03.2019, 09:30