Қазақстанның Мысырдағы Елшісі «Әл-Азһар» шейхімен кездесті

2018 жылғы 7 ақпанда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев «Әл-Азһар» ислам орталығының басшысы, Жоғарғы имам Ахмад ат-Тайебпен кездесті.

Кездесу барысында Елші Шейхке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне шақыруын табыстады. Елші Ұлы имамның түрлі әлемдік діндердің жақындасу үдерісінде маңызды рөл ойнайтын және ислам пікірі, білімі және ғылымының бүкіл әлемде танылған басты орталығы атынан Съезге қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Ұлы Имам Съезге шақыруды үлкен ризашылықпен қабыл алып, Қазақстан Басшысының халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтудағы, сондай-ақ дінаралық диалогты ілгерілетудегі бастамалары мен рөлін жоғары бағалады.

Кездесуде Елші «Әл-Азһар» Басшысын Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов атынан мұсылман әлемі мүдделерін қорғауға, экстремизмге қарсы күреске және еліміздің Мысырмен діни саладағы қатынастарының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Қазақстан дипломатиясына 25 жыл» атты естелік медалімен марапаттады.

Сұхбат соңында қазақстандық имамдардың «Әл-Азһардың» біліктілікті арттыру арнайы курстарында білім алу мәселесі қарастырылды.

Қосылған : 8.02.2018, 11:10, Өзгертілген : 8.02.2018, 11:10