​Қазақстанның Кореядағы Елшісі Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

СЕУЛ, 2018 жылғы 8 қазан - Қазақстан Республикасының Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инге сенім грамоталарын тапсырды.

Сенім грамоталарын тапсыру салтанатты іс-шара барысында Б.Дүйсенбаев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін және Қазақстан-Корея ынтымақтастығын жан-жақты нығайтуға деген Астананың бірізгі бағытын атап өтті.

Бұған қоса, Қазақстанның Елшісі Корея Республикасы басшылығының Корей түбегіндегі бейбітшілік орнату мен әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға деген талпынысына жоғары баға берді. Сонымен қатар, Б. Дүйсенбаев Қазақстан ядролық сынақтардың барлық зардабын шеккен және ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде КХДР-ның ядролық қару мәселесін шешудегі бейбіт диалогтан басқа балама жоқтығын ұстанып, ядролық қарусыздануға қатысты өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтті.

Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдің дамуына жоғары баға беріп, Қазақстанмен екі мемлекет үшін басым салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген Оңтүстік Корея тарапының ниетін растады. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяның басшысы жақын арада Қазақстанға сапармен баруға өзінің ниетін растады.

Қосылған : 8.10.2018, 19:50, Өзгертілген : 8.10.2018, 19:50