Қазақстанның Грузиядағы Елшісі екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі туралы әңгімеледі

2017 жылғы 9 тамызда Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Ермұхамет Ертісбаев Грузиямен екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі ахуалы және оларды одан әрі дамыту келешегі жөнінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Е. Ертісбаев өз сөзінде елшілік жұмысының басым бағыттары туралы, оның ішінде сауда, инвестициялар және туризм саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету туралы әңгімеледі. Елші батыс бағыттағы маңызды транзиттік дәліз ретіндегі Грузияның Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап көрсетті. Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуына екі мемлекет арасындағы жоғары деңгейдегі саяси байланыстар маңызды серпін береді. Біздің еліміз Грузия экономикасына ірі инвестор болып табылады.

Елші Грузияда туризм индустриясының қарқынды дамып отырғандығын ерекше атап өтті, одан түсетін табыс ел экономикасында айтарлықтай рөл ойнайды – соңғы уақытта ел жылына 7 миллионға дейін турист, оның ішінде ондаған мың қазақстандықтарды қабылдайды. Е. Ертісбаев осы тұрғыда Грузияға қазақстандық әуе компаниялары рейстері санының артқанын, сондай-ақ грузиндердің Қазақстанға, атап айтқанда, Астана қаласындағы Грузия белсенді түрде қатысып отырған «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі кезеңінде келуге қызығушылығын атап өтті.

Елші Грузияда жүргізілген бірқатар ауқымды реформалар табысының тұрғысында онымен қатар жүріп отырған ел халқының ұлттық сана-сезіміндегі өзгерістердің маңыздылығын атады. Осыған байланысты ол Президент Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түйінді тезистерінің өзектілігін атап көрсетті. Оның айтуынша «ұлттық рухты жаңғырту және экономикалық реформалар қатар жүруге тиіс», және Грузиядағы өзгерістер осының айқын мысалы болып табылады.

Брифинг соңында Елші журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қосылған : 9.08.2017, 22:00, Өзгертілген : 9.08.2017, 22:00