Қазақстан Елшісі Дүниежүзілік метеорологиялық ұйыммен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, Елші Жанар Айтжанова 30 қазанда Женева қаласында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) бас хатшысы Петтери Тааласпен кездесті.

Сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалын, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметін одан әрі жетілдіру келешегін талқылады.

Ж. Айтжанова Қазақстан Республикасы атынан «Қазгидромет» РМК-ның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі Дүниежүзілік метеорологиялық ұйыммен мониторинг және ауа райы болжау саласындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті. Қазіргі уақытта ДМҰ-ға мүше елдер арасында ақпарат алмасу шеңберінде «Қазгидромет» 65 метеостанция мен 8 әуе станциясының деректермен бөлісіп, басқа елдерден осындай ақпаратты алуға құқылы.

Сонымен бірге, Қазақстан Елшісі Қазақстан жағдайында тасқындарды болжаудың үздік модельдерін қолданудың әдістемесін жетілдіру, оның ішінде гидрологиялық болжау бойынша ДМҰ-ның техникалық көмегін көрсету, сондай-ақ 2018 жылдың қараша айында аяқталатын Метеорологиялық жерсеріктерді пайдалану жөніндегі еуропалық ұйыммен (EUMETSAT) лицензиялық шартты ұзарту бойынша өтініш білдірді. Бұл келісім Қазақстанға EUMETSAT жер серіктерінен метеорологиялық деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, ДМҰ бас хатшысы Қазақстанмен жемісті ынтымақтастықты атап өтіп, Ұйымның басқа елдермен қалыптасқан тәжірибесі негізінде Стратегиялық жоспарға қол қою және оны жүзеге асыру арқылы өзара ықпалдасуды жалғастыруға дайын екендігіне сендірді.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Жер атмосферасының жағдайы мен ахуалына қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі және бірден-бір беделді ақпарат көзі болып табылады.

Анықтама: Қазақстан Республикасы ДМҰ конвенциясын 1993 жылы 13 сәуірде ратификациялады. Бұл «Қазгидрометтің» халықаралық гидрометеорологиялық қызметтермен ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға және республикамыздың экономикасы мен тұрғындарына неғұрлым тиімді қызмет көрсетуге елеулі серпін берді.


Қосылған : 31.10.2017, 16:45, Өзгертілген : 31.10.2017, 16:45