ИЫҰ

ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҰЙЫМЫ

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ, 2011 жылға дейін - Ислам Конференциясы Ұйымы) 1969 жылы құрылды.

ИЫҰ Бас хатшылығының штаб-пәтері Жидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) орналасқан.

Бүгінгі таңда ИЫҰ-ға 56 мемлекет мүше болып табылады (Сирия мүшелігін 2012 жылғы тамызда тоқтатты).

ИЫҰ жұмыс тілдері: ағылшын, араб және француз.

Ұйымның негізгі құжаттары: ИЫҰ Жарғысы; 2016 жылғы сәуірде қабылданған «ИЫҰ-2025: іс-қимылдар бағдарламасы» атты 10 жылдық стратегиялық құжаты.

Қазақстан 1995 жылдан бастап ИЫҰ мүшесі. ҚР ИЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі 2010 жылғы наурыз айынан бері Жидда қаласында жұмыс істейді. ҚР ИЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілі ҚР Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Берік Сақбайұлы Арын.

2011 жылғы 28-30 маусым аралығында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Нұр-Сұлтанда өткен ИЫҰ Министрлер Кеңесінің 38-ші сессиясы елеулі оқиғалардың бірі болды. Бұл іс-шараның негізгі нәтижелерінің бірі ұйымның атауын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына өзгерту туралы шешім болды.

Сондай-ақ, ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын (АҚИҰ) құру туралы бастама жариялады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мүмкіндіктерін нығайту болып табылады.

Бүгінгі таңда АҚИҰ Жарғысына ИЫҰ 33 мүше мемлекеті қол қойып, оның 12-сі ратификациядан өткізген. АҚИҰ Жарғысы 2018 жылғы наурыз айында заңды күшіне енді. Ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

2016 жылғы 14-15 сәуірде Елбасы Ыстанбұл қаласындағы ИЫҰ-ның кезекті 13-ші саммитіне қатысты. Саммиттің аясында Елбасы Түркия Республикасының Президенті Р.Эрдоганмен бірлесіп Исламдық татуласу (Islamic Rapprochement) процесін бастау туралы бастама көтерді. Қазіргі уақытта Исламдық татуласу бастамасы ИЫҰ-ның күн тәртібінде еніп, ИЫҰ кеңістігіндегі жанжалдарды шешу мәселелеріндегі мүше мемлекеттердің назарында.

Оған қоса, Саммиттің шеңберінде Елбасы «Исламдық инфрақұрылымдық ықпалдастығы» (Triple I) бағдарламалық құжатын әзірлеу туралы ұсыныс енгізді. Бастаманың негізгі мақсаты «Орталық Азия», «Африка», «Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы» Исламдық Даму Банкінің үш арнайы бағдарламаларын байланыстыру арқылы ИЫҰ кеңістігінде атқарылып жатқан көліктік-логистикалық жүйелерді біріктіру және арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда бұл бағытта ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Исламдық Даму Банкімен, сондай-ақ штаб-пәтері Анкарада орналасқан ИЫҰ-ның басты экономикалық платформасымен (КОМСЕК – ИЫҰ Экономика және сауда ынтымақтастығы жөніндегі Тұрақты комитет) бірлесіп жұмыс жүргізуде.

ИЫҰ Ыстанбұл Саммитінің қатысушылары аталмыш бастамаларды қолдап және оның Қорытынды коммюникесінде бекітті.

2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының төрағалығымен ИЫҰ тарихында тұңғыш рет «Ғылым, технология, инновация және ислам әлемінің жаңғыруы» тақырыбында ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі Саммиті өткізілді. Алдағы жылдарда Ислам әлемінің ғылым мен технологияларды дамыту саласында негізге алынатын Астана декларациясы және ИЫҰ-ның 2026 жылға дейінгі Ғылым, технология және инновацияны дамыту жөніндгі бағдарламасының қабылдануы Саммиттің басты нәтижесі болды.

Осы ретте, 2018 жылғы 5-6 мамырда Дакка қаласында (Бангладеш Халық Республикасы) өткен ИЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 45-ші отырысы шеңберінде Қазақстанның өкілі, Елші А.А.Мусинов Ғылым және технологиялар мәселелері жөніндегі ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына сайланды және 2019 жылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде оның өкілеттігі іске асады.

2019 жылғы 31 мамыр – 1 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі – Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған қазақстандық делегация ИЫҰ «Болашаққа бірге» тақырыбындағы мерейтойлық Саммиті 14-ші сессиясының жұмысына қатысты. Бұл Саммит Түркияның ИЫҰ-ға үш жылдық төрағалық етуінің аяқталуын және осы миссияның Сауд Арабиясына көшуін атап өтті. 

Саммит қорытындылары бойынша Мекке Декларациясы мен Қорытынды Коммюнике қабылданды. Коммюникенің жеке бір тармағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне арналған. Онда Елбасының ислам Үмбетінің идеалдарын, принциптері мен мақсаттарын насихаттаудағы рөлі айтып өтілген. Саммит Ислам әлемінің Исламдық татуласу, АҚИҰ, Исламдық инфрақұрылымдық ықпалдастығы және ИЫҰ-15 диалог платформасы арқылы интеграциялауындағы Елбасының рөлін бірауыздан құптады.

Қосылған : 10.12.2018, 19:00, Өзгертілген : 10.06.2019, 14:50