Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы

Қазіргі кезде орын алып жатқан жағдайларда халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор маңыз беріледі. Бұл тек Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, барлық дүниежүзілік қоғамдастық үшін өзекті мәселе.

Біздің өңірде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіру мен өзара іс-қимылдың маңызды құралдарының бірі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) болып табылады.

Ұйымның негізгі мақсаттары бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып табылады.

Ұйым 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсізді туралы шарттың негізінде 2002 жылы құрылды. Ұйымның негізгі қызмет ету бағыты әскери ынтымақтастық болып табылады. Сонымен қатар, ҰҚШҰ-ны құру барысында оның қызметіне жаңа сын-қатерлер мен қауіптермен күрес, сондай-ақ сыртқы саяси үйлестіру мәселелері де енгізілді.

ҰҚШҰ-ның құжаттары қару-жарақтарды, әскери және арнайын техникаларды жеңілдікті бағалармен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл біздің Әскери Күштерімізді, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерді қазіргі заман үлгісіндегі қару-жарақтар мен техникамен қаржылай қаражаттарды үнемдеп қайта қаруландыруға жол береді.

Соңғы жылдары әскери-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл өзектілігін көтеруде. 2016 жылы мемлекет басшыларымен 2018 жылға дейін және одан арғы болашақтағы Әскери-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Осы құжатты жүзеге асыру шеңберінде қару-жарақтар мен әскери техникаға қызмет көрсету бойынша қызметтік орталықтардың жүйесін құру жоспарлануда. Бұл отандық әскери өнеркәсіптің әлеуетін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, Қазақстан өз әскери қызметшілерін Ресей мен Беларусьтің әскери ЖОО-да ақысыз және жеңілдікті негізде оқытады. Ал, Қазақстан, өз кезегінде Армения, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген әріптестеріне осындай мүмкіндіктерді береді.

Есірткінің заңсыз айналымына, заңсыз көш-қонға және ақпараттық саладағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша әртүрлі жедел-профилактикалық операциялар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Бұл «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» операциялары.

ҰҚШҰ-да өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықтың жеткілікті мөлшерде тиімді тетіктер құрылған. Бұл ретте, Қазақстан бұл ұйымның ең белсенді мүше мемлекеттердің бірі болып табылады. Ұжымдық жедел ден қою күштері Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылып, жүйелі түрде дамуда.

Қазіргі кезде ҰЖДК ҰҚШҰ шеңберінде құрылған ең тиімді әскери топтасу болып табылады және 25000 адамнан астам жеке құрамды құрайды. ҰЖДК-ның жұмылдырылуын көтеру мақсатында 2015 жылы Қазақстанның бастамасымен ҰҚШҰ-ның Ұжымдық әуе күштері құрылды.

Ұйым шеңберінде коалициялық және өңірлік негіздегі топтасуларды, бітімшершілік күштерді, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің, сондай-ақ ТЖМ органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерін қамтитын ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылған. Аталған бөлімшелердің әскери дайындығын жетілдіру және дамыту, сондай-ақ әскери реттілік тетіктерін пысықтау мақсатында жоспарлы түрде әртүрлі жаттығулар өткізіледі.

Қазақстанның 2012 жылы төрағалық ету кезеңіндегі басымдықтарын іске асыру мақсатында 2015-2020 жылдарға арналған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы стратегиясы қабылданды. Бұл құжатпен ірі ескірткі дилерлерін және олардың билік құрылымдарымен байланыстарын анықтау, жеткізу арналарын жабу бойынша бірлескен жедел іс шараларды өткізу қарастырылған.

Қазақстанның басымдықтарының бірі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы ынтымақтастық болып табылады. 2014 жылғы 23 желтоқсанда ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде Ақпарат саласындағы қылмыстық әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы хаттама қабылданды.

2015 жылдың желтоқсанында өткен ҰҚШҰ ҰҚК сессиясында Мемлекет басшысының жасаған бастамасына сәйкес халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапының белсенді жұмысының нәтижесінде 2016 жылғы қазанда өткен ҰҚШҰ ҰҚК сессиясында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл саласында қосымша шараларының тізбесі қабылданып, ҰҚШҰ форматында террористік деп танылған ұйымдардың біріңғай тізімін құру туралы ереже бекітілді.

ҰҚШҰ ҰҚК сессиясының ең басты мәселелерінің бірі 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясын бекіту болды. Құжатпен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансұлттық сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша мақсаттар мен міндеттер, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік жүйесін алдағы дамуының бағыттары белгіленді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс жүзіндегі қадамдардың бірі Дағдарыстық ден қою орталығын құру болды. Ол Ұйымға мүше мемлкеттердің дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бойынша бірлескен әрекеттерін ақпараттық-талдау және ұйымдастырушылық-техникалық сүйемелдеуге арналған.

2017 жылдан бастап ҰҚШҰ тұрақты қызмет ететін жұмыс органдарының қызметтік тұлғаларын ротациялаудың жаңа механизмі қолданыла бастады. Атап айтқанда, 2015 жылғы 21 желтоқсандағы ҰҚК Шешіміне сәйкес ҰҚШҰ Бас хатшысы Ұйымға мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан атауларының орыс әліпбиі тәртібінде ротациялық негізде тағайындалады. 2016 жылғы 31 желтоқсанда ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжаның уәкілеттіктер мерзімінің аяқталуына байланысты, 2016 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі нәтижесінде, ҰҚШҰ Бас хатшысының уәкілеттіктері ҰҚШҰ Бас хатшысы бойынша ҰҚК шешім қабылдаған мерзімге дейін ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары В.Семериковқа жүктелді.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы халықаралық құқыққа негізделе отырып, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасауға және туындап отыратын қауіптердің алдын алу мен сақтандыруға, олардың негізінде жатқан фундаменталды себептерді жоюға мүмкіндік беретін жағдайларды жасауды дәйекті түрде қолдайды.

Ұйым шеңберінде өткізілетін іс-шаралар мен жасалған тетіктердің кешені Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен жалпы өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге едәуір үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Қосылған : 4.12.2013, 19:46, Өзгертілген : 29.01.2017, 22:59