ҚР СІМ-нің Нәзір Төреқұловтың 125-жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуы туралы

АСТАНА, 2017 жыл 3 қараша – 2 қарашада Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Нәзір Төреқұловтың 125-жылдығына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Жалғас Әділбаев сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахмановтың құттықтау сөзін оқыды. Отандық дипломатия тарихындағы Н. Төреқұловтың айрықша рөлін атай отырып, министр біздің атақтыотындасымыз өзінің жоғары кәсіпқойлығы мен қызметіне адалдығы арқасында Кеңес одағының Сауд Арабиясындағы алғашқы өкілетті өкілі болғанын еске салды. Екіжақты қарым-қатынастарды құрудағы аса күрделі міндеттерді шеше білу, өз елінің мүдделерін ілгерілету үшін шынайы мемлекетшіл көзқарасы оны кеңес дипломаттарының алғашқы буынының көрнекті өкілі етті. Сонымен қатар, Н. Төреқұловтың бірегей өмір жолы мен жетістіктері тәуелсіз Қазақстан дипломаттарының жаңа ұрпақтары үшін жарқын үлгі болды. Осыған байланысты, оның өмірбаянын, бай ғылыми және шығармашылық мұрасын зерттеу еліміздің және шетелдің жалпы жұртшылығы үшін маңызды.

Конференцияда Н. Төреқұлов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының президенті Әбдіжапар Сапарбаев, Сауд Арабиясындағы араб-орыс орталығының директоры профессор Маджид Абдель Азиз ат-Турки, Қазақстанның, Өзбекстанның және Тәжікстанның беделді ғалымдары мен қоғам қайраткерлері жиналған қауымды өз баяндамаларымен таныстырды.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушыларды Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесу барысында оған Қазақстан СІМ жүйесіндегі қызмет еткен жылдары ішінде еліміздің сыртқы саясатының мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалі тапсырылды. Оған қоса, отандық дипломатияның мұрасын зерттеуге және дәріпттеуге қосқан үлесі үшін Н. Төреқұлов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының президенті Әбдіжапар Сапарбаев және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Әбдібеков «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметіне 25 жыл» медалімен марапатталды.

Назир Төреқұлұлы Төреқұлов (1892-1937) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ғалым, публицист. 1928 жылдан бастап 1936 жылға дейін КСРО-ның Хиджаз Корольдігіндегі, Неджд және оған қосылған облыстардың (қазіргі Сауд Арабиясы Корольдігі) өкілетті өкілі болды.

1937 жылы 15 шілдеде саяси себептерге байланысты Кеңес одағында НКВД тарапынан қамауға алынды, ал 3 қазанда КСРО Жоғары Сотының әскери алқасының қаулысына сәйкес атылды.

Н. Төреқұловтың атылуы туралы хабар қазақ дипломатымен достық қатынастар орнатып үлгерген король Сауд Арабиясының Королі Абдул-Азиз Аль Саудке қатты әсер етті. Нәтижесінде, 1938 жылы Корольдің басқа өкілетті өкілді қабылдаудан бас тартқаны үшін КСРО Джиддада миссиясын қысқартты. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1990 жылы ғана қалпы келтірілді.

1958 жылы 28 қаңтарда Н. Төреқұлов КСРО Жоғары Сотының Әскери алқасы қылмыс құрамы болмағандықтан ақталды.

Қосылған : 3.11.2017, 22:30, Өзгертілген : 3.11.2017, 22:30