​Қазақстанның елшілері ҚР СІМ-де өткен брифингте Финляндия және Швециямен ынтымақтастық перспективалары туралы мәлімдеді

16 маусымда Қазақстанның Финляндиядағы елшісі Мұрат Нұртілеуов және Швециядағы елшісі Дастан Елеукенов бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізіп, аталған елдермен ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы мәлімдеді.

М. Нұртілеуовтың айтуынша, Астана мен Хельсинки арасындағы тұрақты саяси диалог, экономикалық және инвестициялық құрамдастарды қоса алғанда, өзара тиімді кооперацияны жан-жақты тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Ол 20 маусымда Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» аумағында Финляндияның ұлттық күніне Финляндия Президенті Саули Ниинисте қатысатынын, ал 18 маусымда екі мемлекеттің астаналарын байланыстыратын тікелей әуе қатынасы ашылатынын хабарлады.

Сонымен қатар, елші қазіргі таңда фин индустриясының флагмандарын Қазақстандық өнеркәсіпті жаңғырту жобаларына қосу, өндірістің шешуші секторларын дамыту, экономиканың инновациялық әлеуетін арттыру мақсатында «жасыл» кластерлерді қалыптастыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде деп атап өтті. «Фин бизнесі Қазақстанмен ынтымақтастықтың дамуына қызығушылық танытуда», – деді М. Нұртілеуов.

Д.Елеукенов өз сөзінде Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастықтың жоғары даму деңгейін атап өтті. Оның негізгі бағыттары ғарыштық зерттеулер, ғылым және инновация болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың қазан айына белгіленген Швецияға мемлекеттік сапары аясын біз үлкен жоспарлармен байланыстырамыз. Біз бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Ынтымақтастық үшін білім беру саласы, ғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен «жасыл» технологиялар перспективалы орта болып табылады», – деп атап өтті дипломат.

Сондай-ақ, Д.Елеукеновтің айтуынша, Қазақстан швед инвестицияларын елдің агроөнеркәсіп кешеніне тартуға және швед технологиялары мен ноу-хауды алуға мүдделі. Бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Швеция Скандинавиялық аймақ елдері арасында Финляндиядан кейін Қазақстанның сауда әріптесі ретінде екінші орынға ие. 2016 жылы Финляндиямен тауар айналымы 341,9 млн. долл., ал Швециямен – 310,9 млн. долл. құрады.

Қосылған : 16.06.2017, 18:40, Өзгертілген : 16.06.2017, 18:40