ҚР Сыртқы істер министрінің Самарқандтағы халықаралық кездесулері туралы

САМАРҚАНД, 2017 жылғы 10 қараша – Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Самарқандта халықаралық конференциялар алаңында Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының Орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесу кезінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің сәуір айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында Түрікменстанға жасаған сапарында қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыру барысы талқыланды. Түрікмен тарапы жауынгерлік өнер түрлері бойынша және жабық ғимараттағы V Азия ойындарының сәтті өтуіне байланысты құттықтау сөздерін қабылдады. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның жобасын әзірлеу бойынша жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға ниет білдірді.

Қазақстан мен Ауғанстан Сыртқы істер министрлерінің кездесуі барысында Қ. Әбдірахманов өзінің әріптесі Салахуддин Раббаниді Қазақстанда ауған студенттері үшін іске асырылып жатқан білім бағдарламасы туралы айтып берді. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығымен 2018 жылдың қаңтарында болатын «Ауғанстанда және Орталық Азияда қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде өңірлік әріптестікті құру» министрлер деңгейіндегі пікірталасының тақырыбын қозғады.

АҚШ Президенті көмекшісінің орынбасары мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша Аға директоры Лиза Кертиспен бірге Қазақстан мен Құрама Штаттарының арасындағы стратегиялық әріптестіктің даму жолдарын талқылады. Жоғары және үкіметтік деңгейлерде алда өтетін кездесулерді дайындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы, соның ішінде «С5+1» нысанындағы диалогтың аясында өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Л.Кертис америкалық тарап Қазақстанның гуманитарлық, техникалық және білім беру көмегі арқылы Ауғанстанның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелері жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен кездесуі барысында Орталық Азия өңірінің мүдделерін ілгерілету бойынша Қазақстанның ұмтылысын қолдағаны үшін БҰҰ-ға алғысын білдірді. Қ. Әбдірахманов 2018 жылдың қаңтар айындағы БҰҰ ҚК төрағалығы барысында Қазақстанның жоспарлаған іс-шараларына тоқталып өтті. Президент Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қарусыздану және таратпау, терроризмге қарсы күрес, тұрақты дамуды қамтамасыз ету салаларындағы бірқатар сыртқы саяси бастамаларын БҰҰ алаңында іске асыру барысы талқыланды.

БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі – БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының басшысы Тадамичи Ямамотомен кездесу барысында Ауғанстанды дамыту аясындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, тараптар БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қ. Омаровтың 1988 санкция жөніндегі комитеттің төрағасы ретінде Қабылға жасаған сапарының қорытындыларын талқылады.

Қосылған : 10.11.2017, 18:35, Өзгертілген : 10.11.2017, 19:35