«Нұр-Мүбарак» Ислам университеттерінің лигасына мүше болады

КАИР, 2019 жылғы 16 шілде - Қазақстанның Каирдегі Елшісі Арман Исағалиев Ислам университеттері лигасының Бас хатшысы, ел Парламенті Дін істері комитетінің Төрағасы Усама әл-Абдпен кездесті. Кездесуге Мысырдың Уақыфтар министрі, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университеті Қамқоршылар кеңесінің тең төрағасы Мұхтар Жұма және университеттің ректоры Мұхаммед әл-Шаххат әл-Джинди қатысты.

Сұхбат барысында Елші Қазақстанның діни кадрларын дайындайтын бірден-бір оқу орны болып табылатын «Нұр-Мүбарак» университетінің қазіргі жағдайы мен әлеуеті жайлы толық ақпарат беріп, оны одан әрі дамытуға ел басшылығының мүдделілігін жеткізді. Бүгінгі таңда университетке деген қызығушылық артып, бұл оқу орнына тек Қазақстаннан ғана емес, басқа да көршілес елдерден түсіп жатқан студенттердің саны жылдан-жылға артып жатқандығын басып айтты. Осыған орай, аймақтық оқу орнына айналуға толық мүмкіндігі бар «Нұр-Мүбарак» университетіне қосымша қолдау көрсету мәселелері көтерілді.

Бұл тұрғыда тараптар Алматыдағы діни оқу орнын мұсылман әлемінде үлкен беделге ие, штаб-пәтері Каирде орналасқан Ислам университеттері лигасына мүше болуы мәселесін талқылады. Бұндай мүмкіндік жас университетке дүние жүзіндегі ең көне және танымал діни оқу орындармен терезесі теңеліп, жаңа әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар, Ислам университеттері лигасына мүшелілік «Нұр-Мүбарактың» оқу бағдарламалары мен дипломдарының 200-ден аса ұйымға мүше жоғарғы оқу орындары тарапынан танылатын болады.

Мысыр Уақыфтар министрі «Нұр-Мүбарактың» Орталық Азияда исламның шынайы тағылымдарын таратуда озық білім ордасы болып табылатынын тілге тиек етіп, халықаралық ұйымға мүше болуын қолдайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Лиганың Бас хатшысы Усама әл-Абд «Нұр-Мүбарак» университетінің ислам білімі мен ғылымы бойынша ұлттық және аймақтық деңгейде аккредиттелген жоғары оқу орны ретінде танылғанын атап өтіп, Қазақстан тарапынан жолданатын сұранысты ұйымның кезекті жиналысында оң қарастыруға уәде етті.

Сол күні Елші А.Исағалиев «Нұр-Мүбарак» университетіне Мысыр тарапынан жолданатын оқытушылардың санын арттыру мәселесі бойынша МАР Сыртқы істер министрінің мәдени байланыстар жөніндегі орынбасары Махмұд Талаатпен кездесу өткізді. Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру жолдары да қарастырылды.

Қосылған : 17.07.2019, 08:55, Өзгертілген : 17.07.2019, 08:55