СІМ қазақстандық дамуға ресми көмек жүйесі аясында пилоттық жобаларды іске асыруды жалғастыруда

Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының және Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің жәрдем көрсетуімен ұйымдастырылған Ауғанстанның мемлекеттік қызметшілері мен мемлекеттік емес ұйымдары өкілдерінің әлеуетін жоғарылату бойынша семинар өтті.

Жобаны іске асыру жөнінде уағдаластық Жапон көшбасшысының 2015 жылғы қазанда Астанаға жасаған ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ қабылдаған Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту туралы бірлескен баяндамасында көрініс тапқан.

Семинарда мемлекеттік басқару, медицина және білім саласында қызмет атқаратын Ауғанстанның 24 өкілі қатысты. Оларға Қазақстанда бұл салаларда жиналған тәжірибенің негіздері таныстырылды.

Семинар Қазақстанның Ауғанстанға көрсететін дамуға ресми көмек аясында ауған әйелдерінің экономикалық тәуелсіздігін бекітуге бағытталып ұйымдастырылған және ол ауқымды жобаның тек бірініші кезеңі болып табылады. 2018 жылдың басында ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыбына екінші семинарды өткізу жоспарлануда. «БҰҰДБ-Жапония» әріптестік қорының қаражаты қаражаттандыру көзі болып табылады.

Сарапшылар мен дәріс берушілер ретінде Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарма комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Аймақ» өңірлік даму және жергілікті басқару қорының президенті, Парламенттің бұрынғы депутаты Айгүл Соловьева, Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Еуразия ұлттық университеті, сонымен қатар жобаны іске асырудағы бас әріптестердің бірі болған Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің сарапшылары болды.

Бұған дейін 2017 жылғы сәуірде аралығында қазақстандық дамуға ресми көмек жүйесінің аясында бірінші жоба – Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері үшін «Орталық Азия елдерінің фермерлері мен мамандарын су мен энергия сақтау инновациялық технологияларына оқыту арқылы агробизнестің өнімділігі мен рентабелдігін арттыру» атты семинар іске асырылған. Аталған тренинг Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен және Қазақстандағы Израиль Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған.

Қазақстан Республикасының «Дамуға ресми көмек туралы» Заңы 2014 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған болатын.

Қосылған : 15.07.2017, 13:00, Өзгертілген : 15.07.2017, 13:05