Халықаралық адам құқықтары күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде атап өтілді

АСТАНА, 2017 жылғы 7 желтоқсан Бүгін Астанада Сыртқы істер министрлігі ғимаратында Халықаралық адам құқықтары күніне арналған «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Бас прокурор Жақып Асанов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Норимаса Шимомура қатысты.

«Дөңгелек үстелдің» ашылу рәсіміндегі өзінің сөзінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Заңның үстемдігіне және қазақстандық қоғамда құқықтық мәдениеттің орнығуына, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері тұрғысынан азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына ерекше мән беретінін атап өтті.

«Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан, негізін қалаушы элементтер Омбудсмен институты мен Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы болып табылатын, сондай-ақ азаматтық қоғам мен билік арасындағы сенімді буын болып қалыптасқан ұлттық адам құқықтарын қорғау жүйесі құрылды», – деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жылдығының, сондай-ақ Үшінші әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде ұлттық баяндаманы дайындау қарсаңында Адам құқықтары жөніндегі талқылаудың өзектілігін атап өтті.

Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының төрағасы Қ. Сұлтанов халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін Қазақстан Конституциясы егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялағанын айтты.

«Қазақстан адам құқығын қорғауда өзінің халықаралық міндеттемелерін әрдайым басшылыққа алып отырады. Адам құқықтары саласындағы бекітілген келісім-шарттардың нормалары ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасына енгізілді», – деп атап өтті Қ. Сұлтанов.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ж. Асанов «дөңгелек үстел» қатысушыларын 2017 жылы Бас прокуратура әзірлеген азаматтармен жұмыс істеудің жаңа рәсімдері мен тетіктері туралы хабарландырды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз тиімділікті арттыру және ресурстарды үнемдеу мақсатында азаматтармен жұмыс істеу қағидаларын жетілдірдік. Іске асырылған жұмыстардың бірі – әлемде аналогтары жоқ Құқық қорғау қызметі орталығын құру», – атап өтті Ж. Асанов.

Өз кезегінде, Р. Василенко бүгінгі күні Қазақстан адам құқықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы барлық ірі халықаралық шарттардың қатысушысы болып отырғанын және бұл жайт мемлекетіміз адам құқықтары принциптері мен құндылықтарына, сондай-ақ біздің ұлттық адам құқықтарын қорғау жүйесін дәйекті нығайтуына берік ұстанып отырғанымыздың дәлелі болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Арнайы рәсімдерінің тетігімен белсенді түрде араласуда. Өздеріңізге белгілі болатындай, 2009 жылы біз АҚК арнайы рәсімдері мандатының барлық ұстаушыларына ашық шақыру жібердік», – деп ол атап өтті.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Н. Шимомура осы маңызды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның осы бағыттағы бастамаларына одан әрі қолдау көрсетуге БҰҰ-ның әзірлігін білдірді.

«Еліңізде ұсынылған БҰҰ құрылымдары адам құқықтары саласындағы барлық міндеттемелерді орындауда, сондай-ақ Қазақстанда және одан тыс жерлерде тұрақты дамуды алға жылжытуда әріптестікке әрдайым дайын», – деді Н. Шимомура.

Іс-шара барысында Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар, азаматтық сектор мен дипломатиялық корпустың өкілдері және сарапшылар қатысқан «дөңгелек үстелде» адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және адам құқықтарын қорғау бойынша ұлттық жүйесін нығайтуында Бес институционалдық реформалар мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңыздылығы атап өтілді. Талқылауға қатысқан халықаралық және ұлттық сарапшылар Қазақстандағы адам құқықтары тетіктеріне оң баға берді.

Қосылған : 7.12.2017, 16:50, Өзгертілген : 7.12.2017, 16:50