«Ұлы даланың ұлы есімдері» ғылыми экспедициясы Мысырға келді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Архив-2025» бағдарламаларын іске асыру мақсатында ү.ж. 15-22 наурыз аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарынан құралған ғылыми экспедиция Каир қаласына келді.

Еліміздің шығыстанушылары мен фарабитанушыларынан тұратын ғылыми топтың бұл сапары Мысырға мұсылман әлемінің «де-факто» діни көсемі, «Әл-Азһар» шейхі, Бас имам Ахмед әт-Тайебтің шақыруымен ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 5 қаңтарда ҚазҰУ ректоры академик Ғ.Мұтановпен болған кездесуі барысында «адамзаттың ұстазы» философиясын зерттеген ғалым А.әт-Тайеб Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың мұраларын қайта жаңғырту және қазақ халқына қайтару мақсатында каталогтау-архивтік жұмыстарын жүргізу, көшірмелерін алу және қазақ тіліне аудару бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берген еді.

Міне бүгін Қазақстан білім ордасы мен басты ислам орталығы арасындағы уағдаластық іске асырылды. ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ы.Палтөре бастаған қазақстандық зерттеушілер бабамыз Әбу Наср әл-Фарабидің баға жетпес мұрасы мен құнды қолжазбаларын зерделеп, көшірмелерін алды. Сонымен қатар, зерттеушілер ұлы философтың трактаттарын түсіндіруге қатысты бірнеше ғасырлар бойы жазылған әлем ғалымдарының түрлі еңбектерімен танысып, библиографиялық жұмыстар жүргізді. Бұл біртуар ғұламаның еңбектерін «еуроцентризм» мен «коммунистік цензурадан» тыс Ұлы даланың дара тұлғасы ретінде жаңа тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік береді.

Қосылған : 21.03.2019, 10:30, Өзгертілген : 21.03.2019, 10:30