ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Жапониялық халықаралық ынтымақтастық агенттігі Тәжікстанда дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеді

Дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы ұлттық жүйені дамыту мақсатында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Олжас Исабеков бастаған отандық делегация Тәжікстанға сапар шекті. Делегация құрамына Сыртқы істер министрлігі өкілдерінен басқа Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің (Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті) сарапшылары кірді.

Сапар барысында Жапониялық халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JIСА) мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Душанбедегі өкілдіктерімен даму мақсатында халықаралық көмек көрсету мәселелері бойынша консультациялар өткізілді. Атап айтқанда, Тәжікстандағы өзара ықпалдасудың ықтимал бағыттары, соның ішінде, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сапардың басқа да маңызды мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік органдары өкілдерінің ДРК бағыты бойынша сараптық әлеуетін дамыту болып табылды. Консультациялар шеңберінде қазақстандық делегация Қазақстанның ДРК ұлттық жүйесінің таныстырылымын ұйымдастырды. Бұл ретте, іс-шараға қатысушылар ДРК саласындағы жеке тетігін қалыптастыру мен ұлттық операторын (агенттігін) құруға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметімен таныстырылды.

Аталмыш іс-шара «Дамуға ресми көмек саласында Ауғанстанмен ынтымақтастық құруда Қазақстанға жәрдемдесу» атты бірлескен пилоттық жоба шеңберінде өткізілді. Оны іске асыру туралы уағдаластық Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы Бірлескен баяндамасында бекітілген болатын.

Отандық делегация Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында орналасқан нашар дамыған аймақтарының бірі болып табылатын Хатлон облысына барды. Мұнда қазақстандық сарапшылар әлеуметтік қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымын дамыту, медицина және ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы JIСА-ның іске асырылған жобаларымен толықтай танысты. Атап айтқанда, жапон ДРК қаражатына салынған мектепке, су электр стансасына және емханаға барып, сондай-ақ Душанбе қ. әуежайындағы жүк терминалының құрылысы барысымен танысты.

Қазақстанның ДРК саласындағы тәжірибесі мол екендігі мәлім. Осылайша, Қазақстан түрлі кезеңдерде Қырғызстанға, Тәжікстанға және Ауғанстанға білім гранттары мен оқу орындарын салу түрінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын. 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін еліміздің Тәжікстанға халық тұтынатын тауарлар түрінде көрсеткен гуманитарлық көмегі 22,3 млн. АҚШ долл. сомасын құрады. Тәжікстан Қазақстандық ДРК-нің негізгі географиялық фокусының бірі ретінде қарастырылып отырғанын атап өткен жөн.

Жалпы алғанда, өткізілген консультациялар Қазақстанның ұлттық ДРК жүйесін қалыптастыру жөніндегі, атап айтқанда, «KazAID» агенттігін құруды көздейтін жұмысы аясында болашақ қазақстандық ДРК жобаларын іске асыру бойынша іс жүзінде құнды мағлұмат алуға бірден бір мүмкіндік берді.

Қосылған : 12.11.2017, 12:00, Өзгертілген : 12.11.2017, 12:00