​Корея Республикасының аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарының назарына!

Корея Республикасының Үкіметі 2018 жылғы 1 қазанынан 2019 жылғы 31 наурызына дейін Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына «жасыл дәліз» шарасын енгізгенін жариялады.

Осы шара аясында, қазіргі кезде Корея Республикасының аумағында 30 күннен көп жүрген және тиісті визасы немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ шетелдік адамдар жоғарыда аталған 6 ай мерзім ішінде өз елдеріне тосқауылсыз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл шаралар қолданылмайды және болашақта Оңтүстік Корея аумағына қайта кіруіне шектеу қойылмайды.

Оңтүстік Кореяның аумағынан ерікті түрде шыққан ҚР азаматтарының Қазақстандағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінен тиісті виза алғаннан кейін Кореяға заңды түрде кедергісіз қайта кіруіне мүмкіндіктері бар.

Қазақстан Республикасының азаматтары аталған мерзімде өз ерікімен шығу үшін Оңтүстік Кореяның халықаралық әуежайдағы иммиграциялық қызмет өкілдіктеріне алдын ала әуебилеттермен және ҚР паспортымен немесе қайтып оралу куәлігімен баруы керек.

Сонымен қатар, 2018 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Кореяның иммиграциялық билік өкілдері полициямен бірлесіп бүкіл елде заңсыз жүрген шетелдік мигранттарды ұстау үшін қатаң рейдтер жүргізуді бастады. Осы рейдтер барысында ұсталғандарды елді өз еркімен кетушілер деп есептемей, керісінше, оларға елдің заңын бұзушылар ретінде тиісті әкімшілік (ұстап қамау, 20 млн. корей вона дейін -6,5 млн. тенге шамасында- айыппұл салу, елден шығару және ел аумағына 10 жылға дейін кіруге тыйым салу) шараларды қолданатын болады.

Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарын «жасыл дәліз» шарасын пайдаланып, өз еріктермен отанына оралуға шақырады. Өз еріктермен шығу акциясы Кореяның иммиграциялық заңнамасын бұзушыларға әкімшілік жауапкершіліктен құтылуға және болашақта елге әр түрлі мақсатпен заңды түрде қайта келуіне үлкен мүмкіндік береді.

Қосылған : 5.11.2018, 18:00, Өзгертілген : 5.11.2018, 18:00