Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Түркияның Отбасы және әлеуметтік саясат министрмен кездесті

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияның Отбасы және әлеуметтік саясат министрі Фатма Каямен кездесті.

Кездесу барысында екі елдің әлеуметтік жағдайы және Қазақстан мен Түркия арасындағы отбасы, нәзік жандар, балалардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселесі сөз етілді.

Ф. Кая Түркияның демографиялық жағдайын жақсартуға қатысты Түркия үкіметі тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып, соңғы 15 жыл көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде көптеген оң нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.

Елші еліміздің отбасы және гендерлік саясаты туралы айта отырып, Қазақстан Президент жанында отбасы және әйелдер ісі жөнінде Ұлттық комиссиясының құрылып, жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Көп балалы отбасыларды қорғау үшін үкіметтен әлеуметтік жәрдемақылар көрсетіліп отырғанын және соның нәтижесінде Қазақстанда бала туу көрсеткіші өсіп, керісінше бала өлімі азайғанын айтып өтті.

Елші екі ел арасында отбасы, балалар және гендерлік мәселелер төңірегінде өзара тәжірибе алмасумен қатар, ортақ жоба қарастыру көкжиектері туралы Қазақстан Мемлекеттік хатшысының алдағы уақыттағы сапары барысында кеңінен талқылауға болатындығын жеткізді.

А. Сапарбекұлы Түркия Жасыл жарты ай қоғамы бас хатшысы Осман Батурхан Дурсун, бас директор орынбасары Султан Ышык және халықаралық қатынастар бөлімі меңгерушісі Эргин Беджеренмен кездесті.

Кездесуде О. Дурсун Жасыл жарты ай қоғамы туралы және атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында ішімдікті тұтынуға қатысты мониторинг, арақ-шарап, шылым шегу және есірткіге қарсы насихат жұмыстары, технологиялық бағыныштылыққа қарсы күрес тілге тиек болды. Сонымен қатар, бас хатшы А.Сапарбекұлын наурыз айында Түркия Сыртқы істер министрінің қатысуымен өтетін Жасыл жарты ай жиынына қатысуға шақырды.

Қосылған : 8.02.2018, 09:45, Өзгертілген : 8.02.2018, 13:45