Қазақстанның сыртқы істер министрі Черногория мен Зимбабвенің жаңа елшілерін қабылдады


НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов ү.ж. 3 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырған Қазақстанда қосымша міндетін атқаратын Черногорияның Елшісі Рамиз Башич және Зимбабвенің Елшісі Майк Сангоны қабылдады.

Кездесу барысында СІМ басшысы сұхбаттастарды елдегі саяси және экономикалық өзгерістерімен, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарымен таныстырды. Черногория және Зимбабвемен саяси диалогты дамытуға, экономикалық, сауда және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға қызығушылық білдірілді.

Черногорияның Елшісі екі ел арасында түрлі бағыттардағы жылы және достық қарым-қатынастарды, соның ішінде туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бар күшін салатынын жеткізді.

Тараптар шарт-құқықтық базаны кеңейту мақсатында келесі жылы саяси консультацияларды өткізуге келісті.

Р. Башич «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесіне (2019 жылғы 23-24 қыркүйек, Нұр-Сұлтан қ.) шақыру үшін алғысын білдіріп, Черногория Парламентінің Төрағасы Иван Брайовичтің қатысуын растады.

Зимбабве Елшісімен кездесу барысында Зимбабвенің Президенті Эммерсон Мнангагваның ағымдағы жылғы қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы ресми сапарының қорытындысы талқыланды. Зимбабве Президентінің сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру мақсатында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға келісті, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық.

Сұхбат соңында сыртқы саяси ведомствоның басшысы жаңа елшілерге дипломатиялық миссияның сәтті болуына тілек білдіріп, олардың қызметі барысында мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастар дамудың жаңа деңгейіне шығады деген үмітін білдірді.

Қосылған : 5.09.2019, 15:00, Өзгертілген : 5.09.2019, 15:00