​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 26 тамыз

  • ҚР Сыртқы істер министрінің Германияға ресми сапарының нәтижелері туралы;
  • Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының ІІ сессиясы туралы;
  • Ядролық қарудан азат аймақтар күш-жігерін біріктіру жөніндегі семинар туралы;
  • «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» туралы;
  • Барселонадағы қылмыстың күрт өсуі туралы

1. ҚР Сыртқы істер министрінің Германияға ресми сапарының нәтижелері туралы

19-20 тамызда ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Германияға ресми сапары өтіп, оның барысында өзінің әріптесі – ГФР Сыртқы істер министрі Хайко Маас, сондай-ақ Федералдық Президент Ведомствосының басшысы Штефан Штайнляйн, Федералдық канцлер Ведомствосының жанындағы Мемлекеттік министрі Хендрик Хоппенштедт, «Германия - Орталық Азия» Парламенттік достық тобының төрағасы, Бундестаг депутаты Манфред Грунд, Экономика және энергетика министрлігінің Парламенттік Мемлекеттік-хатшысы Томас Барайспен кездесті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық қырларын, соның ішінде жоғары деңгейдегі байланыстарды талқылады. Сыртқы істер министрі сондай-ақ 30-ға жуық ірі неміс компанияларының, соның ішінде Linde Group, GEA Group, Deutsche Post, CLAAS, Schaeffler Technologies, Böhmer және тағы басқа да ірі неміс компаниялардың қатысуымен Қазақстан-герман бизнес «дөңгелек үстелін» өткізді.

Неміс әріптестер «Ойлер Гермес» сақтандыру агенттігі арқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайту екі елдің іскер топтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Келіссөздер барысында тараптар тауар айналымының 2018 жылы 5,1 млрд. АҚШ долларына жеткен өсіп келе жатқан көрсеткіштеріне оң баға берді (Германия статистикасына сәйкес). Сонымен қатар, Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болып табылады - өткен жылы жалпы сауда көлемі Германияның аймақ елдерімен сыртқы сауда операцияларының жалпы көлемінің 85% құрады.

Соңғы 12 жылда Қазақстан Германиядан 8,6 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартты. «Siemens», «WILO», «KNAUF», «BASF», «Metro Cash & Carry», «OBI», «CLAAS», «Linde AG» сияқты ірі инвесторлармен 900-ден астам бірлескен кәсіпорындар құрылды.

2. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының ІІ сессиясы туралы

27-29 тамызда Сауд Арабиясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының (АҚИҰ) 2-ші сессиясы өтеді. Қазақстандық делегацияны Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров басқарады. Мұсылман елдерінің ауылшаруашылық министрлері Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы негізгі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылайды, өз елдеріндегі барлық ресурстарды жұмылдырып, тәжірибе алмасу арқылы және озық тәжірибелер мен инвестицияларды дамыту және технологиялар трансфертін енгізе отырып ұзақ мерзімді негізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және дамыту үшін ұжымдық алаң құру үшін нақты шаралар қабылдайды.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының алдағы сессиясы осы ислам ұйымының толыққанды институционалды қалыптасуы жолындағы маңызды қадам болады. Бас Ассамблеяның Төрағасы мен Төрағасының орынбасары, сондай-ақ тең құқылы аумақтық өкілдік қағидаттары негізінде осы ұйымның Бас директоры және Атқарушы Кеңестің мүшелері сайланады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты кең ауқымды мәселелерді шешу үшін құрылды. Қазіргі уақытта 33 мұсылман мемлекеті АҚЫҰ мүшесі болып табылады. Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

3. Ядролық қарудан азат аймақтар күш-жігерін біріктіру жөніндегі семинар туралы

Бұл аптада Қазақстан және дүние жүзі 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні ретінде жариялануына 10 жыл толуын атап өтеді.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, халық шешіміне негізделе отырып, Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи күн 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен ресми түрде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні болып жарияланды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат аймақтардың кездесуін ұйымдастыру жөніндегі бастамасын іске асыру шеңберінде, Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қарусыздану жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып, 28-29 тамызда «Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы консультациялық тетіктерді дамыту және нығайту» тақырыбында семинар ұйымдастырып отыр.

Іс-шараға барлық аймақтардың (Латын Америкасы, Африка, Оңтүстік-Тынық мұхит, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия), сондай-ақ ерекше ядроық қарудан азат статусқа ие мемлекет ретінде Монғолияның, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың ұйымын (ЯСЖТШҰ) қоса алғанда қызығушылық танытқан халықаралық ұйымдар өкілдері қатысады.

Іс-шара барысында негізгі проблемалар, ынтымақтастықты нығайтудың әдістері мен перспективалары, сондай-ақ аймақаралық ынтымақтастықты институционализациялау туралы ұсыныстар қарастырылады.

29 тамызда БҰҰ Нью-Йорктегі БҰҰ Хатшылығында қазақстандық тарап Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификация инструментін тапсыру рәсімін өткізетін болады.

4. «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» туралы

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінің шарықтауы болады. Салтанатты рәсім 29 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Іс-шараға жоғары деңгейлі шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпус, Парламент пен Үкімет мүшелері шақырылды.

Сыйлық саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың соғыс және дағдарыстар алдындағы қорқыныштан азат бейбітшілікке толассыз ұмтылудағы зор қызметін тану мақсатында 2016 жылы орнатылды.

Сыйлықтың алғашқы иегері Таяу Шығыста жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құруға қолдау көрсеткені және 1,5 млн. сириялық босқындарды қабылдағаны үшін Иорданияның Королі Абдалла II болды.

5. Барселонадағы қылмыстың күрт өсуі туралы

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Барселонадағы қылмыстың күрт өсуі туралы ескертуде.

Каталонияның орталығында ұрлық пен тонау жиілеп кеткеніне назар аударамыз. Бірнеше күн бұрын Каталония полициясы Барселонаның туристік аймақтарында қылмыстың күрт өскені туралы мәлімдеме жариялады. Полицияның мәліметінше, тек Барселона көшелерінде осы жылы 5331 тонау әрекеттері жасалған.

Барселонадағы Қазақстан консулдығының мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында зардап шеккен азаматтардың саны 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Тек 2019 жылдың шілдесінде Қазақстанға қайтып оралуға 24 елге оралу күәлігі берілді.

Төлқұжат ұрлаудан және Шенген визасыз саяхатты жалғастыру мүмкіндіктерінен басқа (тек Қазақстанға оралу), көптеген адамдар жеке затсыз, ақшалай қаражатсыз және басқа да материалдық құндылықсыз қалды.

Осыған байланысты, Барселонада өз құжаттарыңыз бен заттарға сақ болуларыңызды сұраймыз.

Құжат пен заттарыңыз ұрланған болса елден ұшып шығар кезде қажет болуы мүмкін, сондай-ақ кейіннен ұрланған құжаттарды қалпына келтіру фактісін растайтын паспорт ұрланған туралы хаттама (denuncia) жасау үшін жақын маңдағы полиция учаскесіне жүгінуге кеңес береміз.

Қосылған : 26.08.2019, 18:35, Өзгертілген : 26.08.2019, 18:35