​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2019 жылғы 11 наурыз

Мазмұны:

1) Астанада өтетін Қазақстан-Түрікменстан Үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы туралы;

2) Алматыда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесі жөнінде Қазақстан мен Ресей арасындағы консультациялар туралы;

3) Ташкентте өтетін Қазақстан делегациясының Орталық Азия экономикалық форумына қатысуы туралы;

4) Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының өткізілуі туралы;

5) Орталық Азия мемлекеттері вице-премьерлері деңгейіндегі Жұмыс тобының алғашқы кездесуі туралы;

6) Парламент Мәжілісі депутаттарының Польша мен Румынияға сапарлары туралы.

1) Астанада өтетін Қазақстан-Түрікменстан Үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы туралы

11-12 наурыз аралығында Астанада Қазақстан-Түрікменстан экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері жөнінде үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы өтуде.

Отырыста Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Түрікменстан делегациясын - Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Мамметхан Чакыев басқарады.

Бүгінгі іс-шара барысында екі мемлекет сарапшылары өзара сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды.

2) Алматыда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесі жөнінде Қазақстан мен Ресей арасындағы консультациялар туралы

Бүгін Алматыда терроризмге қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне жауапты Қазақстан мен Ресей сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде консультациялардың үшінші раунды өтті.

Аталған консультацияларда Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Ресей тарапын - Терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотов басқарды.

Кездесу барысында тараптар Даиш террористік тобына және басқа да халықаралық террористік ұйымдарға қарсы іс-қимыл мәселесін, сондай-ақ контртерроризм мен есірткіге қарсы өзара іс-қимыл және радикалдану саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

3) Ташкентте өтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының өткізілуі туралы

Осы аптада Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның ресми өкілдері арасында бірқатар іс-шаралар, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасында көпжақты форматта кездесулердің өткізілуі жоспарланған.

Атап айтқанда, 15 наурызда Өзбекстан астанасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы өтеді.

Комиссияның жұмысында Қазақстан делегациясын Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ал Өзбекстан тарапын - Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - Көлік министрі Ачилбай Раматов басқарады.

Отырыстың күн тәртібіне екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, ғарыш және ақпараттық салалардағы өзара іс-қимыл, транзит-көліктік ынтымақтастық, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңындағы байланыстарды дамыту мәселелерінің кең ауқымы кіріп отыр. Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Оған қоса, отырыс барысында 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының қабылдануы жоспарлануда.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбын жалғастыра келсек, 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд. 488 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,3% -ға жоғары. Қазақстаннан экспорт 31,6% -ға өсіп,
1 млрд. 643 млн. долларын құраса, Өзбекстаннан импорт 14,8% - ға өсіп, 845 млн. долларын құрады.

4) Ташкентте өтетін Қазақстан делегациясының Орталық Азия экономикалық форумына қатысуы туралы

15 наурызда Өзбекстан астанасында «Орталық Азия кооперациясы: өзара тиімді даму перспективалары» тақырыбында бірінші Орталық Азия экономикалық форумы өтеді.

Іс-шарада Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек басқарады. Айта кетерлік жайт, аталған форумның өткізілуі Орталық Азия елдерінің басшылары арасындағы 2018 жылғы наурызда Астанада өткен алғашқы консультативтік кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі болды.

Сонымен қатар, Форум қарсаңында «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Өзбекстанда өз өкілдігін ашады.

5) Орталық Азия мемлекеттері вице-премьерлері деңгейіндегі Жұмыс тобының алғашқы кездесуі туралы

Сондай-ақ аталған форум алаңында Орталық Азия мемлекеттерінің премьер-министрлері орынбасарларының деңгейінде жұмыс тобының бірінші отырысы өтеді. Оның барысында былтырғы жылдың наурызында Астанада «Орталық Азия бестігі» көшбасшыларының арасында өткен консультативтік кездесудің қорытындылары бойынша уағдаластықтарды жүзеге асыру, сауда-экономикалық ынтымақтастық және Ташкентте өтетін келесі саммитке дайындық мәселелері қаралатын болады.

6) Парламент Мәжілісі депутаттарының Польша мен Румынияға сапарлары туралы

14-15 наурызда 2019 жылғы күзде Астанада өтетін Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-ші кеңесіне қатысу үшін Польша мен Румыния парламенттерінің басшылығына шақыруларды тапсыру мақсатында Парламент Мәжілісі депутаттарының Варшава және Бухарест қалаларына сапарлары өтеді.

Польшаға баратын Қазақстан депутаттары делегациясының құрамына Сапар Ахметов пен Сергей Звольский, ал Румынияға - Бақытжан Ертаев пен Глеб Щегельский кіреді.

Белгілі болғандай, «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенімділік. Әріптестік» атты Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші кеңесі 2019 жылы 23-24 қыркүйекте елордамыз Астанада өтеді. Кеңес жұмысына 80-нен астам елден парламентарийлер және 16 халықаралық парламенттік ұйымдардың делегаттары қатысады деп күтілуде.

Қосылған : 11.03.2019, 16:55, Өзгертілген : 11.03.2019, 16:55