Испанияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы «роуд-шоу» өтті

МАДРИД, 2019 жылғы 20 наурыз – 19-20 наурыз аралығында Испанияда Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған қазақстандық делегацияның қатысуымен «роуд-шоу» өтті.

Делегацияның құрамына Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Астана» ӘКК» АҚ, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ, «Орал» ӘКК» АҚ, Қазақстанның күн энергиясы қауымдастығы, сондай-ақ қазақстандық жеке кәсіпорындардың өкілдері кірді.

«Роуд-шоу» бағдарламасында 80-ге жуық испан компанияларының қатысуымен қазақстан-испан бизнес-форумын өткізу, елдің ІЖӨ-нің 20%-дан астамын және шетелге салынған инвестициялардың 50%-ын құраған компаниялар мен банктер кіретін Испандық экспорттаушылар мен инвесторлар клубының мүшелерімен кездесу болды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Көшербаев, Испанияның сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Шиана Мендес пен Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигаловтың баяндамаларында Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуы және ағымдағы жылы оның жандануы, стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап онжылдықта ынтымақтастықтың қарқынды дамуы атап өтілді.

Қазақстандық делегацияның басшысы Сыртқы істер министрлігінің жаңа функциялары туралы айтып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының негізгі құрамдас бөліктерін сипаттады.

Қазақстандық делегация өкілдері көліктік инфрақұрылым, жаңартылған энергетика, қоршаған орта, агроөнеркәсіп секторы, биотехнология, фармацевтика, құрылыс, инжиниринг, сандық технологиялар, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, автокомпоненттер өндірісі, станок жасау, металл өңдеу, электротехника сияқты салаларында инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен таныстырды.

Испан серіктестерінің Қазақстанның географиялық орналасуы және біздің еліміз арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттарды ескере отырып, қосымша құны бар бірлескен өнім өндірісін құру тартымдылығына назары аударылды. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы негізінде іскерлік байланыстарды дамыту келешегіне ерекше көңіл бөлінді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Көшербаев Испанияның Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы, экономика және өнеркәсіп саласындағы қазақстан-испан Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Ш. Мендеспен келіссөздер өткізіп, оның барысында екіжақты сауда және инвестициялар саласындағы кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Форум аясындағы екіжақты кездесулерге маңызды рөл бөлінді. Сонымен, Е. Көшербаевтың «Acciona Energy» Бас атқарушы директоры Рафаэль Матео және «Abengoa» компаниясының Вице-президенті Герман Бехараномен (екі компания да Forbes Global 2000 рейтингіне кіреді) кездесуі барысында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) аукциондық сауда жүйесі туралы презентациясы өтті. Компаниялар ағымдағы жылы Қазақстанда өтетін ЖЭК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша аукционға қатысуға шақырылды.

Қазақстандық делегацияның Danobat, Mercasa, ACS Industrial, Arteche, Tecnove Security, Elecnor, IGEN, CAF, NEFTAN, Russel Bedford, Grupo Anka, Temagra, Globaltec, ARPA, Techno Concrete, Raesa және тағы басқа испан компанияларымен кездесулердің қорытындысы бойынша сауда-логистикалық орталықтардың қызметі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау мәселелері , сондай-ақ испан технологияларын станок жасау және электротехника саласына тарту мәселелері бойынша ынтымақтастықтың әлеуеті белгіленді.

Мадридте өткен іс-шаралардың қорытындысы бойынша 20 наурызда жетекші испандық БАҚ-тың қатысуымен брифинг өтті. «Роуд-шоу» қорытындыларынан басқа, журналистерді Қазақстан Президенті өкілеттілігін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруымен байланысты мәселелер қызықтырды.

Қазақстан СІМ басшысының орынбасары Е. Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған шешімі мен одан кейінгі процедуралары ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін берік ұстанып келеді, елдің сыртқы саяси бағыты өзгеріссіз қалады.

2018 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 2 млрд. АҚШ доллардан асып, оның ішінде Қазақстаннан Испанияға экспорт 1 млрд. 862 млн. долларына жетсе, Испанияның Қазақстанға импорт көлемі 179,5 млн. долларын құрады.


Қосылған : 20.03.2019, 10:00, Өзгертілген : 20.03.2019, 10:00